Қылмыс жазасыз қалмайды

Түркістан облысы Арыс аудандық сотымен телекоммуникациялық желілерді қолдану арқылы, интернет желісі арқылы қорқытып кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105 бабының 3-бөлігінде көзделген өзін өзі өлтіруге дейін жеткізген деген айыппен айыпталған Ч-ның қылмыстық ісі қаралды.

Сотта анықталғандай, 2017 жылдың аяғында Ч. Арыс қаласында орналасқан өз үйінде, өзінің ұялы сымтетігімен  «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Михаил кот» аккаунты арқылы адамдарды телекоммуникациялық желілерді пайдалану арқылы, сонымен қатар интернет желісі арқылы өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу мақсатында өлім тобын, яғни кейінірек «Тихий лес» болып атауы өзгертілген «Зеленый кот» атты суицидиалды ойынын құрады. Онда адамның өзіне түрлі жарақаттар салуын және өзін өзі өлтіруге психологиялық дайындық жасайтын, соңғы 21-тапсырмасы суицид жасау, яғни өзіне өзі қол жұмсау: йод ішу, шатырдан секіру немесе рельске жату болып табылатын 21 қадам ойлап тапқан.

2020 жылғы 14 мамырда Шығыс Қазақстан облысының кәмелетке толмаған 2006 жылы туған З. есімді тұрғынын суицидиалды ойынға тартқан, суицидиалды ойынды «Whatsapp» мессенджері арқылы бастаған.

Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленушінің, куәнің айғақтарымен, іс бойынша сараптама қорытындыларымен, жария және жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сотталушы мен жәбірленушінің ұялы сымтетіктерінің ішіндегі деректермен,  сонымен қатар іс бойынша жинақталған өзге де дәлелдемелермен дәлелденіп, жиынтығында сотталушының тағылған айыпты іс-әрекетті жасағандығын толық растайды.

Іске қатысушы прокурор соттан сотталушы Ч.-ны  ҚК 105-бабының 3-бөлігіне (үш

жылдан сегіз жылға дейінгі бас бостандығын айыру көзделген) сәйкес кінәлі деп тауып,  бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленушінің өкілі жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырған.

Ол жәбірленуші З.-ны өзін өзі өлтіруге дейін жеткізуге қатысты іс-әрекетін, телекоммуникациялық желілерді, оның ішінде интернет желісін пайдаланып қорқыту арқылы жасаған. Алайда, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуге бағытталған іс-әрекеті өзінің еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмегендіктен, сот  Ч-ның іс-әрекетін ҚК 105-бабының 3-бөлігінен ҚК 24-бабының 3 бөлігі 105-бабының 3 бөлігіне қайта саралады.

Сот үкімімен Ч. кінәлі деп танылды және оған  ең ауыр жаза 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.