ТҮРКІСТАН: 400-ДЕН АСТАМ КӘСІПКЕР 5 МЛН. ТЕҢГЕДЕН АЛДЫ
Түркістан облысында ақпан айында бастау алған кепіл затсыз, жарты сағатта екі жылға 5 миллион теңге несие алу жобасы бойынша 400-ден астам кәсіпкер өз мүмкіндігін пайдаланған. Бұрын-соңды болмаған бастамаға сәйкес кредитті рәсімдеуге жеке куәлік пен кәсіпкер екенін растайтын құжат жеткілікті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппарат отырысында кәсіпкерлерді қолдауды қарқынды жүргізуді тапсырды. Отырыста «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту жоспары ортаға салынды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы Түркістан өңірінде белсенді жүзеге асуда. Бүгінгі таңға, Бағдарлама бойынша 45,2 млрд. теңгеге 310 жоба мақұлданып, Түркістан облысы Республикада көш бастап тұр. Өткен жылы пандемияға қарамастан мақұлданған жобалар саны 2 есеге артты. 141 мыңға жуық кәсіпкері бар Түркістан облысы шағын және орта бизнес үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан өңір, шағын және орта бизнес саны бойынша Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін 3 орында. Қарапайым заттар экономикасы арқылы қолдау алған жобалар экономиканың түрлі салаларын қамтиды.
Бағдарламаны барынша қолжетімді ету мақсатында бизнес өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізілуде. Соның нәтижесінде 100-ден аса потенциалды жобалар анықталып, оларды қаржыландыру бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүруде. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі 554 млрд. теңгені құрап, жыл қорытындысымен 16%-ға артқан. Бұл – республика бойынша 2-ші орын.
Облыс басшылығымен бекітілген жоспарға сәйкес, қаңтар-ақпан айларының қорытындысымен Түркістан облысына жергілікті қамту үлесі бойынша бекітілген индикаторлардың «KPI» салаларында айтарлықтай нәтиже бар. «Қарапайым заттар экономикасы» саласындағы жергілікті қамту үлесі 60,15%,-ды құрады. «Қарапайым заттар экономикасы» саласындағы жергілікті қамту үлесінің 8 саласы бойынша жоспарларының жалпы сомасы 10,3 млрд. теңгені құрайды, оның 1,12 млрд. теңгесі игерілді. Жиһаз шығару, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы, құрылыс материалдары, фармацевтика, целлюлоза-кағаз, химия өнеркәсібі салысындағы үлесі Республика бойынша 2-орында көрініп, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді.