СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ӨКІЛДЕРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Бүгін киелі өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы Сәдібек Түгел Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы бас сұғып, бүкіл түркі жастарын бір ордаға біріктірген университетте ашылған «Парасат жолы» жобасының бүгінгі барысымен танысты.
Келелі кездесудің негізгі мақсаты — жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың жарқын үлгісін қалыптастыру, қоғам індетінің деңгейін төмендету және жас ұрпақты жанашырлыққа, адалдыққа тәрбиелеу.
Жиын барысында Агенттік өкілі Жазира Жылқышиева Агенттіктің басты басымдықтары алдын алу екендігін жеткізіп, парасаттылық, ашықтық, айқындық, тұтынушыға бағдарлану, цифрландыру қағидаттарын ауқымды ілгерілету және мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметінде жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталғанын атап өтті.
— Әрбір жұмыстың өз орны болуы керек. Әр шараны әр жерде өткізгеннен жүйе болмайды. Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін тек жазалау шарасын қолдануға болмайды. Түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп тұруы шарт. Біз әдетте, өткен ғасырлардағы бабалар еңбегіне Абайға, әл-Фараби сынды ғұламаларға жүгінеміз. Ол дұрыс. Алайда, көзі тірі жанымызда жүрген сөзі өтімді, өз еңбегімен, талантымен танылған азаматтар да баршылық. Тәрбиелі, парасатты адам қылмысқа бармайды. Оған ары жібермейді. Сол арқылы қылмыстың көрсеткішін төмендетіп, жалпы болдырмау керек, — дейді Жазира Жақсылыққызы.
Жазушы Сәдібек Түгел Агенттік пен Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Парасат жолы» орталықтарының кітапханалардан ашылуы да тегін еместігін айтып, бабалар еңбегімен қатар, қазіргі ақын, жазушылардың әдебиеттері арқылы жастарды парасаттылыққа шақыру екендігін атап өтті.
«Парасат жолының» кітапханалардан басталуы заңды деп білеміз, себебі парасаттың қайнар көзі – кітапта. Біз үшін студенттердің болашағы маңызды. Елге белгілі, ісімен өнегелі ағаларымыз жастарға жол көрсетсе дейміз. Бұл студенттер мен ғалымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тиімді шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмысқа тарту үшін бірегей алаң болмақ, — деп сөзін қорытындылады қоғам қайраткері.
Шара соңында адалдық қана шыңға жеткізетіндігін айтқан қатысушылар, елге адал қызмет етуге, алдына келген азаматқа барынша көмектесуге шақырылды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.