ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУҒА БЕЛСЕНДІ АТСАЛЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

Елбасы кітапханасында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы атты» халықаралық бейнеконференция өтуде. Жиынға қазақстандық және шетелдік мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар қатысып жатыр. Конференцияда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Түркістанды түлету, Түркі халықтарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету – Елбасының арманы әрі мақсаты болғанын айтты.

«Елбасының Түркістанға тарихи мәртебесін қайтару ісіне баса назар аударуында үлкен мән жатыр. Себебі, Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орта Азия мен Қазақстандағы теңдесіз тарихи жәдігер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Осылайша түбі бір Түркі елдері рухани орталығы ретінде қастерлейтін Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналып, дамудың жаңа сатысына көтерілді», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысының әкімі Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы болып жариялануын тарихи әділдік деп бағалайтынын айтып, барша қатысушыларды Түркістанның жаңа тарихи кезеңінің басталуымен құттықтады.

«31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өте табысты аяқталды. Әрі тарихи әділдік орнап, Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілді», – деді облыс әкімі.

Түркістан қаласы Бас жоспарының жобасына сәйкес, қала айналасынан 8 мыңға жуық гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспары жыл соңына дейін толық жүзеге асады. Бұл жазы ыстық Түркістанның жасыл желекке орануына сеп болмақ.

«Бұл жұмыстардың барлығы тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қадағалауымен жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласы – халықаралық шаралар мен саяси-экономикалық маңызды басқосулар өткізуге толық дайын. Мен түркітілдес елдермен бірге өткізетін айтулы жобаларды күллі түркі жұртының астанасы – Түркістанда өткізуге шақырамын!», деді облыс әкімі өз сөзінде.

2017 жылы Түркістан қаласы «Түрксой» Халықаралық ұйымының ұйғарымымен «Түркі елдерінің мәдени астанасы» болып жарияланғанын атап өткен Өмірзақ Естайұлы пандемия толықтай аяқталған соң Түрксой ұйымымен бірлесіп, Халықаралық деңгейдегі іс-шараларды рухани шаһарда өткізу туралы жоспарымен бөлісті. Сөз соңында Түркістан облысының әкімі Түркістанды барлық бағытта дамыту жұмыстарына белсене атсалысуға шақырды.

«Түркістан – қазақ жұртына ғана емес, күллі Түркі елдеріне ортақ қасиетті ұғым, рухани орталық. Демек, оның тарихы да, рухани дамуы да бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс. Осы мақсатта өтіп жатқан бүгінгі жиынның Түркістанның ашылмаған тарихи құпиялары мен терең тарихын кеңінен тануға мүмкіндік береді деп сенемін. Баршаңызды Түркі жұртының рухани шаһары Түркістанды барлық бағытта дамыту жұмыстарына белсене атсалысуға шақырамын!», деді Өмірзақ Шөкеев.

Елбасы кітапханасында өтіп жатқан «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференциясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Мәдениет және спорт министрлігі және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр.

Конференция барысында 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің тарихи қорытындыларын сараптамалық деңгейде талқылануда. Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат жүргізуде.

Конференцияға қазақстандық және шетелдік мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар қатысып отыр. Олардың қатарында Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш. Нұрышев, Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Я.Топчу, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Б.Әміреев, Әзербайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Әзербайжандағы Ататүрік орталығының төрағасы Н.Джафаров, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д. Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Б. Чакыджи, археолог З.Самашев, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Н.Шермухамедова және басқалар бар.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.