ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ҚЫЗУ ДАЙЫНДЫҚТА

Жапония астанасы Токио қаласындағы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары биыл 23 шілде — 8 тамыз аралығында өтеді. Дүбірлі додаға Түркістан облысында әзірше 1 жолдама бар. Ол бокстан 52 келі салмақ дәрежесінде ұлттық құрама командасының мүшесі, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов. Сондай-ақ, жазғы Олимпиада ойындарына 4 спорт түрінен облыстың 5 спортшысы үміткерлер қатарында. Бұл туралы брифингте облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев мәлімдеді.
ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына Түркістан облысынан үміткерлердің қатарында дзюдодан Дидар Хамза, таеквондодан Нұрлан Мырзабаев, байдарка және каноэ есуден Инна Клинова мен Наталья Сергеева, ал академиялық есуден Владислав Яковлев бар.
Айта кетерлігі, Түркістан облысында Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілуде.
«Қажымұқанның 150 жылдығын атап өту мақсатында 6-7 сәуір күндері Отырар ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 7 сәуір-7 мамыр аралығында Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейімен бірлесе отырып, «Түркістан-Арена» стадионында күш атасының көрмесі ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, Ордабасы ауданындағы Қажымұқан атындағы мемориалдық кешен құрылысын жыл соңында аяқтау жоспарланған. ҚР Мәдениет және спорт министрі бекіткен жоспарға сәйкес, қараша айында Түркістан қаласында қазақ күресінен халықаралық турнир өтетін болады», — деді Қанат Жарылқапұлы.
Спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстарды сондай-ақ, бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін спорт нысандары бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласында салынып, пайдалануға берілді. Олар: Олимпиада резервін дайындау Орталығының спорт кешені, «Түркістан-Арена» стадионы және Бассейнді спорт сарайы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.