«NUR OTAN»: САРЫАҒАШТАҒЫ БПҰ ЖИНАЛЫСЫНДА АУДАНДЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысында бастауыш партия ұйымдары «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалуына үлес қосып жатыр. Мәселен Сарыағаш аудандық филиалы жанындағы «Дербісек» бастауыш партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысында осы жоспар жайы да талқыланып, делегаттар өз ұсыныстарын жеткізді.
«Биыл сайлауда «Nur Otan» партиясы жеңіске жетті. Партияның құрылымында, жұмыс істеу тәсіліне өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл – өте дұрыс. Партияның әрбір басқарушы ұйымында төрағалар ашық әрі әділ сайлау арқылы анықталуы тиіс. Біз сайлауалды бағдарламаның орындалуын да назарда ұстаймыз. Халыққа берілген уәде орындалуы керек», – дейді сарыағаштықтар.
Қуанарлығы, бүгінде Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы тиянақты жүзеге асырылып жатыр. Жуырда Дербісек ауылдық округ аумағында «Санжар» шаруа қожалығының 1000 бастық мал бордақылау алаңы іске қосылды. Бүгінде бұл шаруа қожалығында 300-ден аса ірі қара мал бордақыланып жатыр. 15 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта да ауданда жылыжай, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.
«Дербісек» бастауыш партия ұйымының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есебінде осы деректерге қаныққан партияластар күн тәртібіндегі өзге мәселелерді де талқылады. БПҰ бюросы сайланып, аудандық филиалдың конференциясына делегаттар таңдалды.
Осындай жиналыстар Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы», «Жемісті», «Көктерек», «Қызылжар», «Сарыағаш» және өзге де бастауыш партия ұйымдарында ұйымдастырылды. Жалпы 19 сәуірден бері Түркістан облысында 244 БПҰ-ның басым бөлігінде төрағалары мен конференция делегаттары анықталды. БПҰ жиналыстарын өткізуде Zoom платформасы кеңінен қолданылды.