ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР — РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЛИГАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Ұлттық мектеп лигасы» республикалық турнирінде Түркістан қаласындағы Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназияның оқушылары лига жеңімпазы атанды. Волейболдан 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген облыстық жарыста биіктен көрініп, елордаға аттанған жас волейболшылар турнир барысында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Жартылай финалда жергілікті елордалық команданы, ал финалда Павлодар облысынан келген қарсыластарға дес бермей, жеңімпаз кубогіне ие болды.
Айта кетерлігі, осыған дейін Ақмола облысының Щучинск қаласында баскетболдан 9-11 сынып ұлдары арасындағы турнир мәреге жеткен болатын. Онда Түркістан қаласындағы Ә.Науаи атындағы №13 мектеп-гимназияның оқушылары лайықты ойын-өрнектерімен дараланып, IV орынға табан тіреді.