ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ЖОЛДАРЫНА «САПАЛЫ ЖОЛ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті жанындан құрылған «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Жетісай аудан аумағындағы Республикалық маңызы бар және ішкі жолдарға сараптамалық бақылау жұмыстары жүргізілді.
Мониторинг жұмыстарына «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Ердәулет Әдиат, Жетісай аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұркен Әлмеш, «Жетісай Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұрлыбек Мутаев пен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалы мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалының зертхана өкілдері, мердігер компания басшылары қатысты.
Зерделеу жұмыстары барысында бірқатар кемшіліктер, атап айтсақ Жетісай ауданындағы Республикалық маңызы бар А-15 «Жизақ – Жетісай – Қызыләскер – Абай – Сарыағаш – Жібек жолы» автомобиль жолының 86 – 88, 90 – 119 шақырымдары аралығына жүргізілген орта жөндеу жұмыстары бойынша жолдың 90 шақырымындағы ескі асфальт пен жаңа асфальт қиылысы бетінің тегіс емес екендігі және 92 шақырымдағы асфальтбетон жамылғысы жиегінің үгітілгендігі анықталды.
Бұдан бөлек, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Көрікті елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 0,4 шақырымды құрайтын Меде би көшесінің 40 метрінде асфальтбетон жабындысының қалыңдығы жетіспесе, 350 метрінде асфальтбетон жабындысының жиегі бұзылғандығы және Нұр ауылындағы жалпы ұзындығы 0,62 шақырымды құрайтын Жамбыл көшесіне төселген асфальтбетон жабындысының тегіс еместігі белгілі болды.
Өткен жылы пайдалануға берілген жолдардан анықталған кемшіліктерге орай, хаттама толтырылып, оларды қайта қалпына келтіру мердігер мекеме басшыларына жүктелді.
«Жолдардың сапалы болуы бірінші кезекте адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тегіс, таза, талапқа сай жолда жүру жүргізушілерге де, көлікке де қиындық туғызбайды. Біз анықтаған әрбір кемшілік міндетті түрде қалпына келтірілетін болады», — деп атап өтті жобалық кеңсе менеджері Ердәулет Әдиат.
Айта кетсек, өткен жылдың маусым айында Жетісай ауданының жолдарына жүргізілген тексеру қорытындысымен анықталған 8 кемшілік қысқа мерзім ішінде қалпына келтірілген.