ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ЖАҢА ӘКІМІ «АШЫҚ МИКРОФОН» АЛАҢЫНДА СҰҚБАТ БЕРДІ
Ағымдағы жылдың 29 сәуірі күні Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің дәстүрлі түрде ұйымдастыруымен кезекті «Ашық микрофон» жобасы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек Болатұлымен өтті.
Ашық сұқбат форматында өрбіген шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, қоғам белсенділері, аудан және ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жариялылық қағидатына негізделген ашық пікір алаңында аудан басшысына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен мақта шаруашылығын дамытудағы кейбір түйткілді мәселелер, кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілер, сапалы таза ауыз су, жол, жарықшамдар орнату, балабақшалар мен білім саласындағы күрмеуі шешілуі тиіс мәселелер, аудан жастарыныың бүгіні мен ертеңі және салауатты өмір салтын ұстану арқылы бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға дағдылануға ықпал ету шеңберінде сұрақтар қойылып, бірқатар ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ, аудан әкімінің әлеуметтік желідегі белсенділігі мен елдегі эпид ахуалға байланысты аудан аумағында атқарылатын жұмыстар, карантиндік талаптардың сақталуы сынды тақырыптарда назардан тыс қалмады.
Ал, зерделеуді қажет ететін кейбір сұрақтар бойынша аудан әкімі алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізіп, жазбаша жауап беруге уәде етті.
Айта кетсек, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінен бастау алған бұл игі жоба тұрақты негізде ұйымдастырылып, өз аудиториясына парасатты тұлғалармен жүргізілген сүбелі сұқбаттар легін ұсынып келеді.
Төменде көрсетілген сілтемеге өту арқылы аудан әкімімен өткізілген эфирдің толық нұсқасын көре аласыздар:
https://www.facebook.com/100027713075734/videos/79315..