Шымкент: «жедел әрекет ету» чатының тиімділігі мол
2021 жылғы 20-сәуір күні жергілікті тұрғын Шымкент қаласының Полиция департаментінің Whatsapp желісіндегі «Жедел әрекет ету» чатына қаладағы Тұрысов көшесі №51а үйдің алдына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұрақты арнайы белгімен орнатуы қажет екендігі туралы хабарлама жолдаған.
Осы хабарлама бойынша Шымкент ҚПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына тиісті ұйғарым жолдады.
Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің атқарған жұмысының арқасында азаматтың өтініші қанағаттандырылып, арнайы тұрақ тиісті белгілермен орнатылды.
Аталған тұрғын үйдің тұрғындары мәселе тез және сапалы шешілгені үшін полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті полиция генерал-майоры Е.Жумаханбетовтың бастамасымен ашылған чаттың тиімділігі артып, тұрғындар нәтижелі жұмыстың куәсі болуда. Атқарушы орган мен халықтың арасында байланыс нығайып, туындаған мәселелер жедел шешілуде.