СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КЕЗЕКТІ ЖИЫН ОБЛЫСТЫҚ СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІНДЕ ӨТТІ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай облыс аумағында жүргізілетін санақ жұмыстары барысында туындауы ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын — алу мақсатында облыстық статистика департаментінің ұжым қызметкерлерімен мақсатты жиын өткізді.
Парақорлық әрекеттерге жол бермеудің маңыздылығы талқыланған алқалы шарада Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар, соның ішінде бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі мен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар баяндалды.
«Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап күшіне енген Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұдан былай сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы, жеке тұлғалардың заңсыз сыйақы беруі, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы сынды әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтауға және оның жолын кесуге уәкілетті болып отыр. Бұл өзгерістер өз кезегінде жемқорлықтың алдын алудың оңтайлы құралына айналмақ», — деді Мирас Асқарбайұлы.
Бұдан бөлек, бірінші басшылардың тікелей бағынышты тұлғасына қатысты жеке жауапкершілігіне айрықша тоқталып, қол астындағы қызметкерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін лауазымды тұлғаның отставкаға кететінін жеткізді.
Жиын соңында адал қоғамды қалыптастыру әрбір ел азаматына жүктелген ортақ міндет екендігі ортаға салынып, қойылған бірқатар сауалдарға нақты жауаптар берілді.