ЖЕТІСАЙДА ТӘУЛІГІНЕ 30 ТОННА ТАУЫҚ ЕТІН ӨНДІРЕТІН ФАБРИКАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Жетісай ауданында құрылған индустриалды аймақта ағымдағы жылы «Adal Agro Group» ЖШС-і жалпы құны 2,8 млрд теңгеге жылына 9 мың тонна өнім өндіретін «Сиыр етін өңдеу цехының» құрылысын бастайды. Сондай-ақ, биыл тәулігіне 30 тонна ет өндіретін аталған серіктестіктің «Құс фабрикасының» құрылысы жүреді. Сонымен қатар, серіктестіктің жалпы құны 7,6 млрд теңгелік «Жүгеріден крахмал-сірне өнімін және лимон қышқылының өндірісі» жобасын іске қосу жұмыстары жүреді. Бұл туралы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, аудандағы өңірлік өнім көлемі биыл 4 айда 11 млрд 421,5 млн теңгені құраған.
«Жетісай ауданындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі биыл қаңтар-сәуір айлары бойынша 1 млрд 882,1 млн теңгеге жетті. Аталған кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1 млрд 177,2 млн теңгені құрады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім көлемі 3,6 млрд тенге. Сондай-ақ, 2021 жылдың 4 айында 5 млрд 756,3 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген», — деді Мұрат Болатұлы.
Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы қала, кент және ауылдық округтерге қарасты 113 елді мекенің 103-і орталықтандырылғын ауыз сумен қамтылған. Ал газдандыру саласында 113 елді мекеннің 54-і газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының — 47,7%. Сонымен қатар, аудандағы ішкі көшелердің жалпы ұзындығы 899,1 шақырым, оның ішінде 661,1 шақырымы – асфальт, 227 шақырымы – шағал тас, 11 шақырымы – топырақ жол. 2021 жылы субвенция және жергілікті бюджет есебінен бөлінген 445 млн теңгеге жалпы ұзындығы 25,7 шақырымды құрайтын 32 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.