БАЛАБАҚША – БАҚЫТ БАСПАЛДАҒЫ

Мен   №21 «Ертарғын» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші лауазымында жұмыс істеп, кішкентай бөбектерді тәрбиелеп келемін. Басында маған өте қиын болды. Көп ұзамай тәрбиелеп жатқан балаларымның бәрі өзімнің туған балаларымдай  болып кетті. Әр күні олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы десеңші. Балабақшада берілген тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы әрі жан –  жақты тәрбиемен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Балабақша  – білім мен ортаға бейімделудің  тірегі, ал тәрбиеші  – сол балабақшаның  жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Біздің мамандығымыздың қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп,  дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Өмірге келген әрбір нәресте отбасында ата-анасынан бастап барлық туған туыстардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Әр отбасында тәлім – тәрбие алып 3 жасқа толғанда ата-аналар жүректерінің бір-бөлшегін сеніп толықтай бір күнге балабақшаға әкеліп тапсырады. Сол орайда әрбір  бүлдіршінді өмірге енді аяқ басқан сәтте көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына  үлес қосатын, ананың орнына ана бола білетін ол-балабақша тәрбиешісі. Аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен кәсіп. Өйткені  бұл  мамандық  иелерінің  мойнына,  ешнәрседен  хабары  жоқ  бүлдіршін-дердің   бойына  білім  нәрін  сеуіп,тәрбие  ұрығын  егіп,  таудай  азамат  етіп  шығару міндеті  жүктелген. Бақшадағы оқу қызметері  бес сала бойынша іске асып барлығы  ойын түрінде балалар бойына білім нәрін сусындатады. Тілін дамытып ортаға биімдеп қарым-қатынасқа икемдейді. Қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы  оң мен солын, ұзын қысқа, үлкен кішісін ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу  арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейді. Қоршаған ортада табиғат құбылыстарымен жақынырақ танысады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын  ұстап  өсуі жолында да берілетін осы балабақша жұмысының еңбегі  ұшан теңіз. Тәрбиеші балаларға білім беру үшін баланың іс-әрекеті ойын арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін арттырып, көздеген мақсатқа жеткізуші. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым — үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр баланың бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Балабақшада дұрыс тәлім – тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Қазіргі заманда әр отбасында дүниеге келген сәбиді, өсіп жатқан буынды өзінің ана тілімен сөйлету-ұлттық қасиетіміздің дамуының бірден бір жолы. Мектепке дейінгі тәрбие саласында ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі-халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін ана тілінде түрлендіріп, сол арқылы баланың тілін дамыту. Әрбір бөбектің өз ана тілінде тілі шығып, осы тілде ойлау қабілетінің дамуы-ұлттық мінез-құлықтың қалыптасу жолы. Ана тілінің қадір-қасиетін жастайынан түсініп өскен баланың жақсылыққа жаны құмар, таза, пәк, инабатты, биязы болып өсетініне өмір тәжірибесі куә.Сөзімді «Тәрбие –тал бесіктен басталады» деген халқымыздың дана сөзімен қорытындылағым келеді. Тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ. Демек, баланың тәрбиелі ұрпақ болып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін ор ын – балабақша. Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен өте тығыз байланысты.  Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді аямайық!

Туйчибекова Махпал Куралбайевна
Шымкент қаласы №21 «Ертарғын» бөбекжай-бақшасы

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.