Балалардың кітаптарына қойылатын гигиеналық талаптар
Балалар ес білгеннен бастап, белгілі көлемдегі ақпаратты қабылдап, түсіне білуі қажет. Білімді меңгерудің жаңа жолдары мен хабар алудың жаңа құралдары пайда бола бастағанымен ақпарат алудың негізгі көзі кітап болып қала береді. Балалар үшін ақпарат көзі болып табылатын оқулықтарға қойылатын санитариялық талаптар қандай болмақ. Балалар денсаулығына қауіпсіз кітаптарды қалай таңдаймыз. Бұл сұрақтарға жауап іздесеңіз төмендегі ережелерді оқып, танысып алған артықтық етпейді.
Оқулықтың гигиеналық сипаты — қағаздың, баспаның, шрифтің, баспа жиынтығының, форматтың және кітаптың салмағы мен мұқабасының сапасына баға беруден тұрады. Оқулықтарға арналған қағаз — баспа белгілері мен фонның арасындағы қарама-қарсы түстердің жеткілікті болуын қамтамасыз ету үшін ақ немесе аздап сарғыш түсті болуы керек. Сөйлем мәтіндері қағаздың екінші беттегі сөйлем жолдарынан көрініп тұрмауы керек. Қағаз беті тегіс және жарықтың шағылысуына кедергі келтірмейтіндей өте жылтырамауы керек. Кедір-бұдырлы жұмсақ қағаз ылғалды тез сіңіреді және ұзақ уақыт бойы сақталатын патогенді микроорганизмдерді, органикалық лас заттарды өзінде ұстап қалады. Арнаулы жүргізілген зерттеулер арқылы туберкулез таяқшаларының кітап беттерінде 5 айға дейін, дифтерия қоздырғыштары 3 айға дейін, гемолитикалық стрептококктар бір ай бойы өмір сүре алатындығы анықталған. Оқулықтардың басылымы айқын, біркелкі, анық көрінетін, қою қара түсті болуы керек. Тақырыптар, қортындылар мен ережелерді, жеке сөйлемдерді бөліп көрсету және формулалардың элементтерін жазу үшін түрлі-түсті баспа әріптерін қолдануға болады.
Оқу процессі кезінде шрифтардың гарнитурасының жас ерекшеліктеріне әсерін оқып, білуге арналған зерттеулердің нәтижесінде әліппе оқулығына белгілі психологиялық-педогогикалық талаптарға сәйкес, арнаулы шрифт: келбетінің қарапайымдылығы, әріптердің анықтығы, әріптер аралығының өлшемдерінің жеткіліктілігі, түр түсінің қанықтығы қажет. Шрифтердің биіктігінің де гигиеналық үлкен маңызы бар. Мұнда оқушы жас болған сайын, шрифт ірілеу болуы керек деген заңдылық байқалады. Балалар оқыған кезде әріптерді бөлшектеп қарастырады, сондықтан, оның жеке элементтерінің өлшемі және әріптің өзінің тұтас алғандағы өлшемі жеткілікті болуы керек. Сонымен қатар, жылдам көз жүгіртіп оқыған кезде әріптердің биіктігі 4 мм-ден жоғары болуы керек, өйткені бұндай жағдайда оның өлшемі көздің торлы қабатының сары дағының орталық нүктесінен асып тұрады да анық көру мүмкіндігін төмендетеді. Оқуға дағдылану қалыптасқан соң, үлкен шрифтерден кішісіне қарай көшу керек, өйткені үлкен шрифтер оқу жылдамдығын азайтады.
«Мектеп оқулықтарын өңдеудің санитарлық ережелері» оқулықтардың эксперименттік және сынамаға арналған түрлерінен басқа барлық түріне арналды. Оның талаптарының сақталуын бақылап отыру, оқулықтар басып шығаратын баспасы бар территорияға қызмет ететін санитарлық-эпидемиологиялық қызметке міндеттеледі. Баспадан шыққан оқулықтар «санитарлық ереженің» талаптарына сәйкес келмесе, оқулықтардың басылып шығуы мен таралуына тиым салынады немесе кемшіліктерді жойғанша өндірістің жұмысы тоқтатылады.
Г. Рахметова,
Шымкент қаласы Қаратау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының бас маманы.