2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 130 ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНАДЫ
Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдары оқулықтармен толық қамтылатын болады. Бірқатар оқулықтар жаңартылады. 3,6,8 сыныптың зерде бұзылыстары бар білім алушыларына арналған оқулықтары, 4,6 сыныптың нашар көретін білім алушыларына арналған оқулықтар басып шығарылатындығы және де жоғарыда көрсетілген сыныптардың оқулықтарын алу жоспарлануда.Түркістан облысы бойынша жаңа оқу жылына дайындық барысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында баяндалды.
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р. Жолаевтың баяндауынша, облыста 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 97,1% құрайды. 2021 жылы қамтуды 97,7%-ға жеткізу үшін қосымша 4000 орын ашылады деп күтілуде. 2021-2022 жаңа оқу жылында облыс мектептерінің бірінші сыныптарына 80 мыңнан астам бала келеді деп күтілуде. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 28 мың балаға артық. Қабылдау жұмыстары толық автоматтандырылған.
Білім нысандарына деген қажеттілікке сәйкес ағымдағы жылы облыста 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл 14 мыңға жуық оқушыға арналған 44 мектептің құрылысы пайдалануға беріледі. Оның ішіндегі 26 мектеп 1 қыркүйекте, қалған 18 мектеп жыл соңына дейін тапсырылады. Сонымен қатар, Түркістан облысын дамытудың 5 жылдық Кешенді бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 130 жаңа мектеп құрылысы жүргізіледі.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы шеңберінде «5000 мектепті жаңғырту» жобасына облыстағы 108 мектеп еніп отыр. Олардың барлығында мектеп кітапханалары жаңғыртылады. 29 білім ошағында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 91-ң асханалары жаңартылады.
Облыста 1500-ға жуық мектепке дейінгі ұйымдар, 919 мектеп (900 – мемлекеттік, 19 – жекеменшік), 30 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істейді, 64 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері қызмет атқарады. Мектептегі спорт залдар мен спорт алаңшалары жаңартылуда. Облыстағы 900 мемлекеттік мектептер толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. 2020 жылдан бері 700 мектептің ішкі әжетханалары толық ретке келтірілді. Жұмыстар жалғасуда.