ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ – ЖІТІ НАЗАРДА
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бағытында бүгін Аймақты дамыту өңірлік қоғамдық кеңесінің екінші отырысы өтті.
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы ғимаратының үлкен мәжіліс залында өткізілген жиынның күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Олар:
– қаладағы азық-түлік бағасының өсуі және инфляция;
– қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының 6 айлық есебі (соның ішінде Жол картасы бойынша 25 мың тұрғыны бар 5 елдімекенді таза ауыз сумен қамту мәселесінің орындалу барысы);
– «Бозарық» қосалқы электр станциясының құрылысы;
– «Тұран» шағын ауданындағы ауыз су, газ, жол мәселесі;
– қалалық тұрғын үй басқармасының есебі ( соның ішінде Жол картасы бойынша 35 көп қабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізудің орындалу барысы);
– «Теміржол» вокзалына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының, қалалық тұрғын үй басқармасының, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы есебін тыңдалды.
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева Аймақты дамыту өңірлік қоғамдық кеңес мүшелеріне «Кеңестерді құрудағы басты мақсат – халықтың өмір сапасын жақсарту. Аймақты дамыту өңірлік қоғамдық кеңесі Жол картасында көрсетілген биыл атқарылуы тиіс жобалардың орындалуын бақылауға алу қажет. Егерде төртінші тоқсанда лауазым иелерінің жол картасына салғырт қарағаны анықталса, оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныс енгізіңіздер»,-деп жиынды қорытындылады.
Айта кетейік, аталған қоғамдық кеңестің құрамында партия депутаттары мен белсенді мүшелерінен бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары және басқа да азаматтар бар.