КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА 5 МЫҢ ТЕҢГЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУ

Ардақты жандарды мазақ еткенмен бірдей емес пе?!

Қымбатшылық екі бүйірден қысып тұрған бүгінгідей заманда бес бала өсірген аналар 5 мың теңге зейнетақыға күнелтіп отыр дегенге кім сенеді. Бірақ, өкінішке қарай рас екен. Мұны басқа емес, сол саладағы бөлімді басқарып отырған басшылардың өзі растап отыр. Бар өмірі бала өсірумен өткен, енді зейнетке шығып рахатын көремін дегенде 5 мың теңге пенсия тағайындасақ, бұл – ардақты аналарды мазақ еткенмен бірдей емес пе?!

Таяуда мынадай жағдай болды. Бес баланы бағып-қағып өсірген ауылдағы жеңгей жасы жетуіне байланысты көпбалалы ана ретінде зейнет демалысына шыққысы келетінін, ол үшін қандай құжат-қағаздарды рәсімдеу керек екенін білгісі келіп, кеңес сұрады. Біз өзіміз білетін таныс мамандарға қоңырау шалдық.

«Бес бала өсірген көпбалалы аналар 53 жастан зейнетке шығады. Ол үшін балаларының туу туралы куәлігі, сол сияқты басқа да құжаттары болса жеткілікті. Яғни, жұмыс өтілі, зейнетақы жинақтау қорындағы қаржысының көлемі маңызды емес. Бұл бес бала өсірген аналарға мемлекет тарапынан тағайындалатын ақша, оның көлемі отыз мыңнан аз болмауы керек» деді «БжЗқ» АҚ-ның Шымкент қалалық филиалында қызмет атқаратын танысымыз. (Ал, ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Әнуар Ілеспаев жергілікті газеттердің біріне берген сұхбатында ҚР-ның «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақы 43 272 теңге, ең төменгі базалық зейнетақы 18 524 теңге болатынын айтқан. Яғни, 14 мың теңге туралы ештеңе айтылмайды). Бас маманның бұл сөзін жеңгемізге сөзбе-сөз жеткіздік. Аталған қордың Жетісай ауданы, Асықата кентіндегі филиалына барған жеңгемізге ондағы мамандар «Бірдеңе қыстырмаса, 10-15 мың теңге тағайындалып кететінін» ескерткен көрінеді. Біз бас маманның айтқанына сүйеніп, ештеңе «қыстырмауға» кеңес бердік. Содан не болды дейсіз ғой, бес баланы бағып-қаққан ардақты жанға бар болғаны 14 мың теңге зейнетақы тағайындалыпты. Бұл әділетсіздікке төзбеген біз аталған қордың аудандағы филиалына басшылық етіп отырған Артық Сәрсенхановпен сөйлескенімізде: «Сіз 14 мың теңгені айтып отырсыз, бізде 5 мың теңге пенсия алатындар да бар» деп тұр. (Бөлім басшысының «ватсап» арқылы берген жауабы бізде сақтаулы тұр).  Егер бөлім басшысының айтып тұрғаны рас болса, бұл ардақты аналарды мазақ еткенмен тең ғой. Артық Сәрсенхановтың айтуынша, бұл ақшаның тым аз екеніне налып, наразылық білдіріп жататындар көп. «Біздің қолымыздан не келеді, мұның бәрі жоғарыда отырғандардың жұмысы ғой» деп ақталғандай болады. Бірақ неге өзі айтып отырған «жоғарыға» жағдайды айтып, қызметтік хатпен шықпайтыны тағы түсініксіз. Ең сорақысы, жеңгеміздің “жағдайды түсіндіріп бер” деп жазған жазбаша өтінішіне одан бері бір айдан астам уақыт болса да әлі жауап жоқ. Сірә, Президенттің «Жергілікті билік өкілдері дұрыс жұмыс істемегендіктен қарапайым халық тікелей маған өтініш айтады» дегені осы шығар.

Иә, жергілікті атқарушы билікке жаңа реформа керек екені соңғы кезде жиі айтыла бастады. Мемлекет басшысы кешегі аптада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселені ертерек қолға алуды тапсырды. Қысқасы, Президент билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатуға, ел ішіндегі жағдайды жергілікті басшылардың жіті қадағалап, оңтайлы шешілуіне ықпал етуге пәрмен берді. Ендігі үміт Үкімет пен әкімдердің өзіне байланысты болып тұр.

Айдын СӘТЖАН.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.