АДАЛДЫҚ — МЕМЛЕКЕТТІ ДАМЫТУДЫҢ КЕПІЛІ

Қазір қоғамда әділдік іздеген адам көп. Әсіресе білім, медицина мекемелеріне жұмысқа тұру үшін, кейбір мекемелерде мемлекеттік қызметті тез алу үшін пара ұсынатындар бар. Пара талап ететіндер де бар. Елімізде жыл сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіліп, көптеген лауазымды тұлға ұсталып жатыр. Дегенмен әлі де проблема түбегейлі шешілмей келеді. Бұл түйткілді шешу үшін не істеу керек? Сапалы заңдар бар. Құзіретті мекемелер жұмыс істеп жатыр. Бірақ әлі де заңға шекесінен қарайтындар табылып қалуда.

Әлемнің дамыған мемлекеттерінде мемлекет қазынасына жанашырлықпен қарау – қалыпты жағдай. Ол елдерде жылдардан-жылдарға жалғасып, мемлекеттің іргетасына айналған ұстанымдар үстемдік құрады. Сондықтан қоғамда жемқорлыққа қарсы күресті әр адамды тәрбиелеу, идеологиялық жұмыстар арқылы да күшейту керек деп есептейміз. Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою арқылы әр адам мемлекеттің дамуына үлес қосатынын жан-жүрегімен сезінсе ғана іс оңады.

Жуырда Transparency Kazakhstan сарапшылары қалалардың, облыс және аудан орталықтарының деңгейінде 9 мыңдай адамға сауалнама жүргізіп, «Ашық диалог» порталына келіп түскен      1 347 шағымды талдады. Азаматтар мен бизнес-қоғамдастықтардың пікірінше, Президент (70%), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (63% және 65%), Үкімет (59% және 62%), Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (55% және 59%) және «Nur Otan» партиясы (53% және 55%) барынша сенімге ие. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 60%-дан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмек көрсетуге дайын екендіктерін хабарлаған. Яғни, қоғамда осы дертке қарсы күресті қолдайтындар саны артып келеді. Осы бағытта жұмысты жетілдіріп, жандандыра түссе, мемлекет те тұрақты даму жолына түсетіні анық.

Айдос Батыршаұлы,

Шымкент қаласы Қаратау аудандық

пробация инспекторы, әділет аға лейтенанты.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.