ПАРАСАТТЫ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ — ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы мен қалалық өзбек этномәдени қоғамы қоғамдық бірлестіктерінің мүшелерімен кездесу өтті.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіру, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу болып табылады.
Онлайн шараға Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі С.Мәжінбеков, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар мен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е.Байқонақов қатысты.
Қатысушылардың назарын Агенттікпен қолға алынған жобаларға аударған Талғар Серікбаев, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, «AntikorLive», «Адал көмек», «Ашық бюджет» және тағы да басқа жобалармен таныстырып, маңыздылығынан хабардар етті.
Сонымен қатар, қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіндегі жаңашылықтарға кеңінен тоқталды.
Адалдық пен әділдік дәріптелген жиында Сәкен Мәжінбеков сөз алып, халықпен тығыз жұмыс жасап, сындарлы сұхбат құру – ақпараттық-ағартушылық Штабының көздеген негізгі мақсаты екендігін жеткізді. Адал қоғам қалыптастыру әркімнің өз қолында екенін айтып, адал адамның абыройы асқақ, парасаты биік болатындығын сөз етті.
Өз кезегінде Жани Қамбар Жобалық кеңсе жұмысымен таныстырып, тұрмыстық жемқорлықты жоюда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Шара соңында Агенттіктің тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 Call-орталығының қызметі таныстырылып, арнайы әзірленген бейнеролик қатысушылар назарына ұсынылды.