Шымкенттегі «Жас Ұлан» республикалық мектебі талапкерлерді қабылдауды бастады
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінде талапкерлерді қабылдау шарасы жүргізілуде.
Биыл талапкерлерді қабылдау барысы карантиндік талаптарға байланысты онлайн режимінде өтуде. Яғни, құжаттар2 – 6 тамыз аралығында қабылданады.
Барлық түскен өтініш бойынша мандаттық комиссиясы құрамымен үміткерлердің медициналық құжаттары арқылы денсаулық жағдайы тексеріліп, білімділік деңгейі 9 сынып аттестатының бағалары бойыншаконкурстық негізде рейтинг бойынша жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, рейтинг шығару барысында:
- әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен, запастағы, отставкадағы немесе жұмыс істеп жүрген әскери қызметшілердің балалары;
- жетім балалар және олардың ата-анасы құқықтарының шектелуіне немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған;
- спорттық және жалпы білім беру пәндері бойынша халықаралық,президенттік немесе республикалық олимпиададағы жүлделі орнын растайтын құжаты бар болған талапкерлерге арнайы қосымша ұпай тағайындалады.
Мандаттық комиссияның атқарған жұмыстарынан кейін, тамыз айының 22 күні мектеп бастығы полковник Ғазиз Тулеушевтің бұйрығымен 120 талапкер мектеп қабырғасының ұланы атанады.
Қазірдің өзінде мұнда білім алып, болашағын әскери саламен байланыстырғысы келетін азаматтар көп. Дегенмен, талап қатаң! Сыннан сүрінбей өткен үздіктер ғана арманына қол жеткізе алады. Бұл балалардың көбі болашақ офицер болуды армандап, жоғарғы әскери оқу орнына дайын болуы үшін арнайы келетіні сөзсіз.
Айта кетсек, конкурстан өткен жастар кейін оқу орнында тегін білім алып, киім-кешекпен қамтылады және әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп, болашақ отан қорғаушы болуға бейімделеді.