САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУ МАҢЫЗДЫ

Конституция – тұрақтылық пен патриотизмнің іргетасы. Көп жылдар бойы адамның құқықтары мен бостандықтары түсінігінің сипаттамалық белгілері боямаланып келді. Қоғам мүшелеріне құқық – бұл пролетариат пен партия мүддесі деп санаға құйылды. Шынында құқық адам табиғатына тән бостандық нормалары екендігін тәуелсіздік алғаннан кейін ұғынғанымыз рас.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталатын біздің Конституциямыздағы осы сөздерде жаңа ашық азаматтық қоғам орнатуды мақсат еткен халқымыздың тарих сабақтастығы тоғысып жатыр. Ол – елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен бейбіт өмірін қамтамасыз ететін және кепілдік беретін өте маңызды құжат. Осы Бүкілхалықтық референдумда қабылданған қолданыстағы Ата Заңымыз елімізде экономикалық және әлеуметтік, саяси реформаларды жүзеге асырып, қоғамды демократияландыру ісінде өзінің жасампаздығымен Қазақстан халқына қызмет етіп отыр.

Конституция мемлекеттік құқық жүйесін реформалаудың базасы болды. Қоғам, мемлекет және тұлғаның өзара байланысының конституциялық-құқықтық ауқымы кеңейді. Мемлекеттік институттарды конституциялық реформалау адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталып, жоғары халықаралық-құқықтық стандарттардың саяси-құқықтық тәжірибесіне ене бастады.

Тұлға құқығының басымдығы енген демократиялық конституциялық құрылыс философиясы әлеуметтік құндылық болып саналады. Конституция қоғам демократиялық құрылысының негізі болып табылғандықтан, ол демократияны реформалаудың басты кепілі. Сондықтан ол мемлекет пен қоғам тарапынан ерекше қорғалуы тиіс. Мемлекеттің Негізгі Заңы – бұл құқықтық жүйенің ядросы, бүкіл заңнамалық құжаттар негізделетін фундамент, мемлекеттің демократиялық дамуының тірегі мен мемлекеттік құқық өзгерістерінің процесі. Ол – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі.

Саяси режим, әлеуметтік-экономикалық дамудың деңгейі, саяси басқарудың дәстүрлері мен құрылымдарына қарамастан барлық елдердің негізгі міндеті саяси тұрақтылықпен қамтамасыз ету болып табылады. Адамзат қоғамының даму тарихы көрсеткендей, саяси тұрақтылыққа жетудің міндеттері мемлекеттік деңгеймен қатар, мемлекетаралық қатынастар жағдайында да шешіледі. Осы мәселелерді шешудегі ең басты фактор болып мемлекет және оның құқықтық, моральдық нормаларына сүйенген институттары саналады. Саяси тұрақтылық мәселесі қоғамның модернизациялануы үдерісінде маңызды орынға ие. Өйткені, осы жолда жүрген мемлекет әлеуметтік қайшылықтар мен көптеген қақтығыстардың пайда болуына ықпал етеді.

Патриотизм түсінігінің күрделі табиғаттылығы мазмұнының көп қырлылығымен сипатталады. Сонымен бірге, патриотизм мәселесін білім берудің барлық салаларын қамтыған және Отанға деген қатынастағы авторлардың тарихи, әлеуметтік-экономикалық, саяси шарттарындағы азаматтық көзқарастары негізінде қарастырылады.

Патриотизмді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек. Біздің әр азаматтың табысы және халықаралық тұрғыда мойындалуы – бұл баға жеткізгісіз капитал, барша қазақстандықтардың мақтанатын нәрсесі және байлығы екендігі сөзсіз. Осындай үлгілермен ұлттың рухын көтеру керек! Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату. Мен сіздерді осыған шақырамын.

 Е.ТӘЖИЕВ.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.