Шымкенттік полицейлер карантин режимін сақтамаған кезекті мейрамхананы анықтады
Еңбекші ауданының полицейлері 2021 жылғы 14-тамызда Тәукехан көшесі бойында орналасқан мейрамхана кешені карантиндік талаптарды бұзып, келушілерді қабылдап, қызмет көрсеткенін анықтады.
Аталған мекемеде 30-ға жуық адамға қыз ұзату тойын жасаған. Сондай-ақ, «Ашық» бағдарламасына тіркелмей, қызметкерлер келген қонақтардың дене қызуын тексермей кіргізіп, оларға медициналық бетпердесіз қызмет көрсеткен.
Осы жайт бойынша, жинақталған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) шара қолдану үшін Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.
Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырады.