ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҒДАНЫ
Тірілермен тірімін…
Журналистика мен шындық егіз ұғым. Бірін бірі толықтырып тұратын осынау ұғымды бір-бірінен бөліп-жарып қарауға болмайды. Сол себепті шығар, әділдік іздеген әлеумет алдымен осы мамандық иелерін іздеп жатады. Рас, өз кәсібіне адал журналистердің араласуымен, араша түсуімен қаншама адам әділдікке қол жеткізсе, қаншама мәселе оңтайлы шешіліп жатады.
Иә, әділдіктің жолы ауыр келеді. Туралықты айтсаң туғаныңа да жақпайтының белгілі. Бірақ, қоғам үшін осынау ұстанымның құны қашан да қымбат. Әсіресе, бас қамын ойлайтын блогерлер мен арзан ұпайға әуес әлеуметтік желі белсенділерінің дәурені жүріп тұрған бүгінгідей заманда шындықты шыжғырып айта білетін журналистерге қоғам аса сусап тұр. Осындайда кәсібіне адал болған әріптестердің табандылығы мен шеберлігі, өз ұстанымдарына деген болаттай беріктігі еріксіз еске түседі. Солардың өнегелі істері мен құптарлық әрекеттерін қанша айтсақ та артықтық етпейді. Өскелең жастар олардың өнегелі істерінен үлгі алып, адалдығы мен әділдігін, кәсіби шеберлігін үлгі тұтып, үйреніп жатса – біздің мақсатымыздың да орындалғаны. Міне, осыны көздеген біздер бүгінде көзі кетсе де ел-жұрттың аузында жүрген, есімін көпшілік құрметпен еске алып жататын журналистер жайлы жазуды жөн көріп отырмыз. Соның бірі – Шардара аудандық «Өскен өңір» газетін ұзақ жыл басқарған, шалғайдағы ауылда жүрсе де республикалық деңгейдегі ірі жобалардың, игілікті істердің ұйытқысы бола білген Жұмабек Мұқанов десек, асыра айтқандық емес. Шардараның жалаң қылышы атанған Жұмабек Сейілханұлы жайлы сөз бола қалса, ең алдымен оның өз кәсібіне адалдығы, қаламының өткірлігі, ешкімнің шен-шекпеніне қарамай шындықты айта білетін батылдығы айтылады. Тіпті оны іздеп, қайраткерлік келбетін қаламына арқау етіп жүрген ізбасар шәкірттері көп.
Бүгінде шоқтығы биік прозалық шығармаларымен қалың оқырманның құрметіне бөленіп жүрген жас жазушы Бақтыгүл Ауданованың алдыңғы толқын аға-апалары жайлы жазған шағын жазбасында да Жұмабек Мұқановтың есімі ерекше аталады. «Журналистер мерекесімен құттықтап жан-жақтан қаншама құттықтаулар келіп жатқанымен көңілім серпілер емес, — дейді Б.Ауданова өзінің «Фейсбуктағы» әлеуметтік парақшасында. – Осындай сәттерде алдыңда таудай болып қалқиып тұратын үлкендерді іздейді екенсің. Олардың көбі жер бетінің тұрғандары емес екені есіңе түскенде көңіл шіркіннің құлазып салатыны… Кешелі бері осы бір мазасыз жәйтті кешіп келем. Алғашқы редакторым марқұм Жұмабек Мұқанов, журналистикадағы ұстазым Анар Аспан есіме түсіп, сол кісілер жайлы жаз дейтіндей. Қолыма бұрынғыдай қаламымды емес, телефонымды алып, фейсбукке кіргенім сол, алдымнан жарқ етіп Үмітхан Алтаева апайым шыға келді. Бейне “мені де еске алыңдар”дейтіндей…
Журналистика саласының қара нары Жұмабек Мұқановтың аудан мен облыста ғана емес, республикада да өз орны бар еді. Ақындығымен, адуынды мінезімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен елге танылған Жұмабек Сейілханұлы өзі туған өңірін ешқандай атақ пен даңққа айырбастамай, Шардараның болашағы үшін әділет жолында арыстандай айқасып, келеңсіздіктің бәрімен күресіп өткені шындық».
Иә, бар ғұмырын Қызылқұм төсіндегі қызыл құмды ауданның тарихын таңбалап, тағдырына араша түсуге арнаған Жұмабектей жампоз азаматын Шардара да ұмытпауы керек деген автор оның азаматтық принціптеріне де айрықша тоқталады. «Меркелерде аудан журналистерінің бәрін алдына салып, әкімнің қабылдауына алып баратын, әкімнің алдында абыройымызды еселеп тұрып сөз сөйлейтін, көзқарасымен-ақ көп нәрсені ұқтырып өтетін жаннан алдында жүрген аз жылдың ішінде-ақ көп сабақ алдық. Елдің шын жоқшысы болғанын Шардараның қалың елі әлі күнге дейін жыр қып айтса, әділдік жолында күрескенінің анықтамасы тау боп үйілген басылымдар. Іздеймін, зерттеймін деген адамға дәлел көп» дейді ол.
Қайраткер қаламгерді тек Оңтүстік өңірі ғана емес, сонымен бірге басқа өңірдегі жастар да іздеп, үлгі етіп жүр. Таяуда «Төртінші билік» газетінің айқарма бетіне Жұмабек Мұқанов жайлы көлемді мақала жарияланды. Авторы – Yessenov University «Өлкетану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақтыбай Жайлау. Ақтау қаласында тұратын Бақтыбай Жайлауды бүгінде көзі қарақты қалың ел жақсы біледі. Танымдық-тағылымдық дүниелерімен көзге түсіп жүрген ол жас болса да алғырлығымен, өткірлігімен, білімділігімен дараланып жүр. Автор өз мақаласында ақын, журналист Жұмабек Мұқановтың балалық шағы мен шығармашылық жетістіктері, күрескерлігі мен артында қалған мол мұралары жайлы жақ-жақты зерттеп жазады. Қайсар қаламгердің күрескерлігі жайлы сөз қозғай келе оның өмірінің соңына дейін әділдік үшін күресіп өткенін көрсетеді. Қашан да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін Жұмабек Сейілханұлының қайраткерлік тұлғасын таныған жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Захардин Қыстаубайұлы «Сайланбаған депутат» деген тақырыппен мақала жазып еді («Қазақ әдебиеті», 07.10.2016). Мұндай жылы лебіздер оның көзі тірісінде-ақ аз айтылған жоқ. Өмірден өткен соң жылы сөздер мен ыстық лебіздер жаңбырша жауды.
«Жалпы Жұмабек жырларында, әсіресе зайырлы қасиет иелері жайлы жазғанда тірінің мерейі үшін өлінің үрейін құрметтеу дәстүрге айналған. «Қарабура әулиенің асында», «Бабалар рухына тағзымында», «Абай ескерткішіне мұң шағуында» сөзбен сыйынып қана қоймай, сол асты ұйымдастыру шараларына тікелей атсалыса жүріп, ұлы тұлғалар ескерткішінің бой көтеруіне себепші болып, сондағы әсерлерімен де бөліседі.
«Жаңаөзен жарығым-ай!» атты азалы зарында 2011 жылы әлеуметтік әділетсіздікке төзбей, ақ-адал ақысын талап еткені үшін қырғынға ұшырап, саясаттың құрбаны болып кеткен қыршын жастар мен құқы тапталып, сергелдеңге салынған қаралы қауым үшін қабырғасы қайысып тұрып қайғырады. Осы қанқасап пен қиянатқа қатысы бар шенділер мен шекпенділерді 2013 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жадымдасың, Жаңаөзен!» кітабын алып, оңашада болса да, мұқият оқып шығуға шақырамын! Ондағы ашынған ақындардың еттен өтіп, сүйекке жетер сөздерінен ар азабын сезініп, шын өкінсе, әріптестері мен ізбасарларына сабақ болар ма еді деген ізгі ұсынысым бар. Жұмабек ағамның жүрегі бар жанды ойландырмай қоймайтын жыры да солардың қатарында» дейді Б.Жайлау.
Шардарада бір өзі бір одақ болып қызмет етіп, әдебиетте де, журналистикада да шеберлік мектебін қалыптастырып кеткен қаламгердің ізбасарлары барда, әр аймақтағы көзкөргендері – замандас-қаламдастары барда, талғамы биік оқырманы барда оның өміршең өлеңдері мен өнегелі мұрасы болашаққа жалғаса бермек. Жыл сайын дәстүрлі түрде аудандық «Жұмабек Мұқанов оқулары» әдеби байқауы ұйымдастырылып келеді. Түлеп ұшқан мектебінде музей-көрмесі жасақталып, арнайы кабинет ашылыпты. Ақын бейнесі ауылына ескерткіш болып орнатылмақ. Уақыты келгенде көшеге есімі де беріліп, өзіне дейінгі даңқты тұлғалардың қатарын арттырып, алыстаған сайын асқақтай бермек.
Ерлан ТӘЖИЕВ,
«Қазақстан жолы» газеті бас редакторының орынбасары.