ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МАҚТА ТЕРІМ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысы Жетісай ауданының шаруалары мақта терімді бастап кетті. Шаруалар биыл мақта өнімділігі жақсы болғанын айтады. Мақта шаруашылығымен тұрақты түрде айналысатын шаруаның бірі Шолпанқұдық елді мекеніндегі «Нұрғиса» шаруа қожалығының иесі Нұрғиса Сейілбеков. Ол биыл 5 гектар жерге мақта тұқымын сепкен.
«Ауыл адамдары мақтаның әрбір келісін 20 теңгеден теріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей мақта өзге дақылдар сияқты 2-3 айда өнім бермейді. Ұзақ уақыт пісетін болғандықтан күтімді де көп жасаймыз. Осындай бейнеті көп шаруашылыққа қолайлы жағдай жасап, су мәселесін шешіп берген аудан басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Егістік алқапты уақытылы суғарып отырдық. Мақтаның көсек құрттары аздап әбігерге салғаны болмаса, басқа мәселе болған жоқ. Өнім әзірге жаман емес. Бастысы мақта бағасы жоғары болып шаруалардың еңбектері жанса екен», – деді Н.Сейілбеков.
Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 44 мыңнан астам жерге мақта егілген. Мақта жинау науқанына деп 200-ден астам комбайн дайындалған.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.