Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бүгінгі күн талабы
Шымкент қаласындағы Еңбекші және Қаратау аудандарының біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі басқармасының жеке құрамымен сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында семинар өтті.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу және оны жеңу бүгінгі күннің күрделі мәселесіне айналып отыр. Осы орайда, семинарда
«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және әскери полициясының өкілдері жеке құраммен жемқорлыққа қарсы сананы дамыту және патриоттық сезімді барынша бойына сіңдіру тақырыбында сөз қозғады.
Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана дегеніміз – бұл адамдардың жемқорлыққа жол бермеуі, оны қоғам дерті деп қабылдауы, оған қарсы ұғымдар, түсініктер, теориялар мен көзқарастар қалыптастыру болып табылады.
Бұдан бөлек семинар барысында қатысушыларға әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңалықтары мен заманауи механизмдері жеткізілді.
- Жемқорлық еліміздің, қоғамның және барлық саланың дамуына кедергі болатын, болашағына кері әсерін тигізетін індет. Оған осы бастан тоқтау қоймасақ, баршамыздың өсіп-өркендеуімізге кепіл жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмыстарын өткізудің маңызы зор, – деді жобалық кеңсенің басшысы Жани Қамбар.
Семинар соңында қатысушылар сұрақтарымен бөлісіп, жауаптарын алды. Сондай-ақ, жемқорлықтың одан әрі құлаш жаймауына өз үлестерін қосуды және оған тосқауыл болу басты міндет екенін түсінді.