Шымкентте карантин талаптарын бұзған кезекті караоке клубы анықталды
Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері кәсіпкерлік субъектілердің карантин режимін бұзғанын анықтау және бұл жайттардың жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуде.
2021 жылдың 12-қыркүйек сағат 03-39 да Еңбекші ауданы Жібек жолы көшесі бойында орналасқан «Solo» караоке клубы карантиндік талаптарды сақтамай, түнгі 24:00- ден кейін жұмыс жасап жатқаны, сонымен қатар қызметкерлердің бір реттік пайдаланылатын бетперделерді тақпауы, қорғаныш құралдарын пайдаланбауы мен келушілердің дене қызуын өлшейтін құрылғының мүлдем жоқ екендігі анықталды.
Аталған жайт бойынша, жинақталған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) шара қолдану үшін Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.
Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырады.