Әскерге шақырылушылар Шымкенттен Батыс Қазақстанға аттанды
2021 жылғы күзгі шақырудың бірінші командасы Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қалалық жинақтау пунктінен Маңғыстау облысына мерзімді әскери қызметін өткеру үшін аттанды.
Конституциялық борышын өтеуге аттанар алдын болашақ сарбаздар медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден және баратын әскери бөлімнің өкілімен сұхбаттасудан өтті.
Қалыптасқан дәстүр бойынша сарбаздарды шығарып салуға Ауған соғысы және Қарулы Күштер ардагерлері келді. Олар болашақ сарбаздарға әскери қызметте табыс тілеп, батасын берді.
— Сіздер ата-аналарыңызға және сүйікті қыздарыңызға қымбатсыз. Сіздерді он екі айдан кейін құнды тәжірибе жинақтаған,жетілген азаматтар болып келулеріңізді күтеміз. Естеріңізде болсын, әскери қызмет – бұл қасиетті міндет. Ата-бабалырыңыз бен ағаларыңызға лайықты болыңыз, — деді «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалының төрағасы отставкадағы полковник Серікбай Онбаев.
Жеке құрамның денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында болашақ сарбаздар COVID-19-ға ПТР-тест тапсырды. Бөлімге келгеннен кейін олар екі апталық карантинге орналастырылады және қайтадан ПТР сынағын тапсырып, медициналық тексеруден өтеді.
Осы жылдың күзінде Шымкенттен барлығы 700-ге жуық адам мерзімді әскери қызметке шақырылатын болады.