ТҮРКІСТАН: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ ЖАРЫҚШАМДАРЫ ЖАРҚЫРАДЫ

Қожа Ахмет Ясауидың құрметіне тұрғызылған кесене маңын жарықтандыру жобасы аяқталып, ел назарына ұсынылды. Тарихи ескерткішті жарықтандыру үшін 1200 метр электр сым қолданылып, 229 түрлі-түсті шам бүгін салтанатты түрде жағылды. Бірегей жобаны жүзеге асыру кезінде тарихи ескерткіштің әрбір бөлшегін сақтау талап етілді. Шамды жағуға арналған салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. Әйгілі зиярат ету орындарындағы жарықтандыру тәжірибесі туралы айтқан әкім жұртшылықты құттықтады.
«Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи Жарлығы Түркістанның жаңа тынысын ашты. Шаһар жаңа кейіпке еніп келеді. Сол игі істің біріне куә болып тұрмыз. Зиярат ету орындарын жарықтандыру тәжірибесі Мекке Мәдинадағы Қағбада, Ыстамбұлдағы Айя София мешітінде және Самарқандағы Регистанда бұрыннан қолданылып келеді. Біз осы тарихи орындардың үлгісін пайдалануды жөн көрдік. Күллі түркі жұрты арнайы келіп, тәу етер орынға жарық беру жұмыстарының аяқталуына орай, біз оңтүстіктің күзгі туристік маусымын ашық деп жариялаймын. Туризм саласын үздіксіз дамыту арқылы біз 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын 2 жарым млн. адамға арттыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша шамшырағы қайта жанған шаһардың жаңа мыңжылдықтағы шежіресі қайта жазылуда», – деді Ө.Шөкеев.
Кесене маңын жарықтандыру жобасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Қазқайтажаңарту» РМК сараптамалық қорытындысымен, археологтарының ұсыныстары ескеріле отырып жүзеге асырылған. Жобаның техникалық директоры Бағила Исакованың айтуынша, мамандар жобаға кіріспес бұрын Ясауи кесенесіне ұқсас әлемдегі әйгілі тарихи мұражайларда зерттеу және талдау жұмыстарын жүргізген.
«Біз құзырлы мекемелердің бақылауымен, арнайы сараптама қорытындысымен жұмыс жүргіздік. Шамдар кесененің айналасына, шатырына сапалы қондырғылардың көмегімен орнатылды. Жұмыс барысында бірде-бір кірпішке зақым келген жоқ. Өйткені жарық қосымша орнатылған қондырғының көмегімен жалғанды», – дейді жоба жетекшісі.
Мамандардың айтуынша, оптика мен жарық сипаттамаларының өзгеруі кезінде эпиграфиканың әртүрлі элементтері, яғни кесене қабырғаларындағы каллиграфиялық жазулар көрінеді. Кесененің дәл осы таңғажайып көрінісі жарықтандырудың ең негізгі ерекшелігіне айналмақ.
Кесене маңындағы ботаникалық бақта өткен рухани кеште Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормониясының «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Астана Балет» театрының өнерпаздары мен танымал әншілер өнер көрсетті.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.