ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАУ ҮШІН ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Space» үлгісіндегі қоғамдық қабылдау бөлмесінде онлайн және офлайн форматта өңір тұрғындарына қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдау барысында Хаким Дүйсешұлы ұсыныс-пікірлері мен арыз-шағымын арқалап келген облыс азаматтарының талап-тілектеріне құлақ түріп, партия филиалының фейсбук және инстаграм әлеуметтік желілеріне келіп түскен өтініштер мен сұрақтарға толымды жауап берді.

Атап айтсақ, «Семей ядролық сынақ полигонының ардагерлері мен мүгедектері» облыстық және қалалық қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері Қ.Салықбаев пен З.Дадажанов Семей ядролық полигонның жабылғанына 30 жыл толуына орай, бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сауықтыру орталықтарына өз таңдауымен бара алмайтындығын және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапа деңгейінің төмен екендігін жеткізді.

Сондай-ақ, Д.Сатыбалдиев Түркістан облыстық Полиция департаменті мен «Жаңа Аудит» ЖШС-гі өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғандығын алға тартып, бұл іс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жүргізуін өтінді.

Азаматтардың әрбір арыз-шағымына терең үңілген Хаким Дүйсешұлы аталған өтініштердің Департамент тарапынан назарға алынатынын жеткізіп, алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты қала/аудандарда өткізіліп келген жеке және қоғамдық қабылдаулар әрі қарай да өз жалғасын табатынын тілге тиек етті.

Тұрғындармен тең отырып тілдескен Департамент басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде ашықтық және қолжетімділік қағидаттарына сүйене отырып жұмыс жүргізетінін жеткізіп, азаматтарды сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алуда белсенді болуға шақырды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.