ОТЫРАР ӨНЕРПАЗДАРЫ ТҮРКІСТАН ТӨРІН ӘН МЕН КҮЙГЕ БӨЛЕДІ
Түркістан облысы мәдениет басқармасы және облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен бастау алған «Рухани керуен – Түркістанда» атты акция жобасының келесі көшін Әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақтанышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, қасиетті өлкеден келген Отырар ауданың өнерпаздары жалғастырды.
Отырар аудандық орталық кітапханасынан көшті зиялы қауым өкілдері мен жас өнерпаздар әннен шашу шашып, арнау өлеңдерімен бастап келді. Жаңа қоныс құтты болсын деген ниетпен шашу да шашылып, М.Шахановтың «Отырар қаһармандығы немесе жеңімпаз туралы дастан» өлеңімен ашылды.
Әрі қарай кітап көрмелеріне шолу жасалынып, «Әл-Фарабидің шәкірттерімен кездесуі» және Отырар ауданынан шыққан Ө.Жәнібеков, Ш.Қалдаяқов, Қ.Мұңайтпасов жайлы көріністермен жалғасын тапты.
Кітапхананың кішкентай оқырмандары үшін балалар бөліміне арналған қойылым көрермен назарына ұсынылды. Үлкен сахна төрінде Отырар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай сөз сөйлеп, кештің құрметті қонағын таныстырып, суретші Әділхан Мәлікті сахна төріне шақырды.
Түркістан қаласы ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Айғаным Серім елге есімі танылған суретші «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Халықаралық «Тұран-Қазақ» суретшілер консолидациясының мүшесі суретші Әділхан Мәлікпен кездесу сұхбаттың шымылдығын ашып берді.
Қылқалам шебері облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына өз туындысын тарту етсе, Отырар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айна Смайылқызы кітапханаға кітаптарын сыйға тартты.
Іс-шара соңында Түркістан облысы әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Жанар Жақсылыққызы қорытынды сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді.