ШЫМКЕНТТІҢ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТІ БИЗНЕСТІ СҮЙЕМЕЛДЕУДЕ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы жүзеге асырылуда.
Аталған жоба аясында бүгін Аntikor ortalyǵyнда инвесторлармен кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шарада инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, аталған саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері сөз болды.
Бизнес өкілдері қатысқан жиында Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев бизнеске қолайлы жағдай жасау және оның дамуы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылатындығын атап өтті. Оның айтуынша инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынуының басты шарты мемлекетіміздің аумағында адал және заңды бизнес жүргізу болып табылады.
Қазіргі уақытта «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы аясында Департаментпен 100 млрд. теңгеге жуық 55 жоба сүйемелдеуге алынған.
Іс-шара барысында Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев «Southern Paper Company» және «Ultra Technology» компаниялары басшылығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша келісімдерге қол қойды.
Айта кетейік, соңғы екі жылдың ішінде бизнесті қорғау шеңберінде Департаментпен 30-ға жуық қылмыс тіркеліп, 30-дан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалған. Олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 14 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.