ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

Түркістанда ақын-жазушылардың «Түркістан – Тәуелсіздік тұғырында» атты кездесуі өтті. Рухани маңызы бар басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, төраға орынбасарлары – жазушы Мереке Құлкенов, ақын Ақберен Елгезек және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ақын Қасымхан Бегманов бастаған республиканың және Түркістан облысының қаламгерлері қатысты. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жүргізіп отырды.
Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығын Түркістан өңірі толайым табыстармен, оң өзгерістермен қарсы алып отырғанын айтан ол, шаһарды дамытуда ақын-жазушыларға да артылар жүк аз емес екенін жеткізді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан жазушы Мереке Құлкеновтың 70 жылдығына арналған құттықтау хат мен сый-сияпатын тапсырды. Сонымен бірге Жазушылар одағының төрағасының иығына да шапан жабылды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет одақтың тыныс-тіршілігі мен жоспарлары туралы айтып берді. Жаңа тынысы ашылған Түркістанның әдебиеті де өз биігінен түспей, өңірмен бірге өркендеуі тиіс екенін жеткізді. Жиында Түркістан өңірінің 13 қаламгеріне Қазақсан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданғаны жөніндегі куәліктері тапсырылды. Олардың арасында жалынды жастар да, орта буын өкілдері де бар. Сонымен бірге облыс ақын-жазушылары мен Жазушылар одағы басшылығының қолдауымен Айдар Сейдәзім Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып сайланып, бұйрығы жұртшылыққа таныстырылды.
Қаламгерлердің келелі кеңесінде әдебиетке қолдау көрсету, өңірдің рухани әлеуетін көтеру, жас ақын-жазушылардың шеберлігін шыңдау бағытында ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Облыстық филиалдың жаңа төрағасына сәттілік тілеп, әдебиетті қолдау бағытында тың бастамаларды қолға алып, қайраткерлік танытарына сенім білдірді. Ақын Мұрат Бекей, жазушы, әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбек, ақын Нұрмахан Назаров және өзге де қаламгерлер ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Рухани басқосуды түйіндеген Сәкен Қалқаманов жиындағы бастамалар ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
– Түркістан қаласында түрлі мәдени нысандар бой көтеріп, басым көпшілігі пайдалануға берілді. Енді осы мәдени нысандарда түрлі әдеби іс-шаралар, ақын-жазушылардың кештері, жаңа туындылардың тұсаукесерлері өтіп тұрады. Алдағы уақытта Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып, Түркістан өңірінің руханиятына оң өзгерістер алып келетін маңызды жұмыстарды бірге атқаратын боламыз, – деді ол.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.