ТҮРКІСТАН: «ҚЫС – 2021» ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ
Түркістан облысы, Жетісай ауданында тұрғындар мен мекемелердің қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің дайындықтарын тексеру мақсатында «Қыс – 2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бекіткен нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырылған іс-шараға аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Әшірбай Тасов пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Досан Жамединов, аудандағы барлық құрылымдар мен бөлім қызметкерлері қатысты.
Қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу және дайындықты пысықтау мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Қыс – 2021» оқу-жаттығу жұмыстарына аудандағы жауапты мекемелерден құралған 13 азаматтық құтқару қызметтік тобы қатысып, шеберліктерін көрсетті. Іс-шарада әрбір қызметтік топ жетекшісі мен топ мүшелерінен қызметтік міндеттері сұралып, техникалық базалары тексерілді. Құрал-саймандары түгенделді.
Оқу-жаттығу барысында апат болған жағдайда бірінші кезекте қажеттілігі туындайтын байланыс саласымен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін және барлау-құтқару қызметтерін жүргізетін басты салалардың жұмыстарына ерекше көңіл бөлді. Осылайша, аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу, төтенше жағдай кезінде адам шығынын болдырмау және төтенше жағдайда ережеге сәйкес дер кезінде іс-қимыл атқаруды дұрыс ұйымдастыру мақсатында өткен оқу-жаттығу жұмыстары сала мамандарын бір ширатып алды.
«Қыс-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Таңертең дабыл қағылып, тиісті мекемелердің мамандары қажетті құрал-жабдықтарымен және техникаларымен аудан әкімдігінің алдындағы алаңға жиналды. Оқу-жаттығу жиынына аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, Бәйдібек ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Әуелбеков қатысып, құтқарушылардың дайындығын тексерді.
Мұндай оқу-жаттығу Түлкібас, Мақтаарал, Созақ және өзге аудандарда да ұйымдастырылды.