Шымкенттің бас полицейі қала көшелеріндегі жаңа бейнебақылау камералары туралы айтты
Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баспасөз-брифингін өткізді.
Қаланың бас полицейінің айтуынша, Шымкент қаласының аумағында 100 көше қиылысына жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркейтін 877 бейнебақылау және 200 көше желілеріне 800 бейнебақылау жүйелері, яғни жалпы 1677 бейне бақылау орнатылды.
Қазіргі таңда 200 көше желілеріндегі 800 бейнебақылау камералары іске қосылып, автоматты түрде жұмыс жасайды.
Бұл бейнебақылау жүйесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушулық туралы Кодексінің 592-бабында (Белгiленген жүру жылдамдығын арттыру) көрсетілген құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды.
Ал, 100 көше қиылысына орнатылған 877 бейнебақылау жүйелері ескерту жол белгілері толық орнатылмауына байланысты іске қосылуы кейінге қалдырылып отыр. Олардың қосылатын күні мен уақыты қосымша хабарланатын болады.
Бұл бейнебақылаумен Әкімшілік құқық бұзушулық туралы Кодексінің 599-бабы (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту), 601-бабы (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегiтаңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) және 592-бабында (Белгiленген жүру жылдамдығын арттыру) көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтар автоматты түрде анықталады.
Бұл құрылғыларға әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген кезде полиция қызметкерлері жүйеге түскен құқық бұзушылықты өңдейді. Өңделгеннен кейін автоматты түрде бірден автокөлік иесінің ұялы телефонына 1414 нөмірінен әкімшілік айыппұл тіркелгені туралы хабарлама барады.
Егер автокөлік иесі ұялы телефон нөмірін қолданыстан өшіріп тастаған болса, онда оның тіркелген мекенжайына почта арқылы хабарлама жолданады.
Қосымша Шымкент қаласы аумағында компьютер, принтермен жабдықталған 8 арнайы автокөлік әкімшілік айыппұлдары бар жүргізушілерге ұйғарымдарды таратып, төлеу қажеттілігі туралы ескертулер жасайды.
Жүйеде почта арқылы және ұялы телефонына жолданған хабарламаларды автокөлік иесі алғаны туралы белгі көрініп тұрады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы аумағында қоғамдық және жол қауіпсіздігін бақылайтын 1500 бейнебақылау құрылғылары орнатылды. Бұл құрылғылар арқылы Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулік бойында қылмыстың алдын алу, оларды ашу және әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бойынша жұмыс атқарады.