ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов Түркістан облысы әкімдігінің активімен кездесті. Жиынға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев және оның орынбасарлары, мемлекеттік, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.
Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы реформалар туралы айтып берді. Ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан «ҚР 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» тұжырымдамасына тоқталды.
«Біздің міндетіміз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, қоғам мен кәсіпкерлердің сұранысына бағдарлану. Бұл бағыттағы жұмыстарға тек агенттік емес, барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер белсенді қатысуы қажет. Жемқорлықтың салдарымен емес, оның себептерімен күресу маңызды» – деп атап өтті М. Ахметжанов.
Сонымен қатар агенттік басшысы облыстағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының статистикасына тоқталды.
Жемқорлықпен күрес мәселесі талқыланған жиында М. Ахметжанов облыс активіне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жаңа басшысы, генерал-майор Қанат Қожахметовты таныстырды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін ол агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарған.
Өз кезегінде өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Қазіргі таңда бұл салаға жаңаша көзқарас қалыптасып отыр. Тек жазалау емес, жемқорлықтың алдын алған дұрыс. Мемлекетік қызметкерлер – елдің азаматтары. Олар ел алдындағы жауапкершіліктерін ұмытпауы тиіс. Бүгінде Түркістан жаңғырып, тек қана Қазақстан емес, бүкіл түркі дүниесіне белгілі қала болып отыр. Жұртшылық көз тігіп отыр. Бұл өңірдің тұрғындары – еңбекқор. Өз күшімен, өз ісімен адал жұмыс істеп жатыр. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, бірге жұмыс атқарамыз» деген өңір басшысы Түркістанға арнайы келіп, өзекті мәселені талқылаған агенттік төрағасына ризашылығын білдірді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.