ТҮРКІСТАНДА ҚАЖЫМҰҚАН БАЛУАН ТУРАЛЫ КІТАП ПЕН ДЕРЕКТІ ФИЛЬМНІҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ
Түркістанда қазақтың аңыз адамы, даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы туралы «Күш атасы – Қажымұқан» атты кітап жарық көрді. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде шыққан кітаптың таныстырылымы Түркістанда өтіп жатқан Қажымұқан турнирінің алдында өткізілді. Кітаптың таныстырылымына «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығының» құрметті президенті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және спорт жанашырлары мен кітап авторлары қатысты.
Құнды кітапта Қажымұқан бабаның спорттағы жеңісті жолымен қатар өмірбаяны, қайталанбас болмысы нақты деректермен өрнектелген. Осыдан бір жыл бұрын Ордабасы ауданының сол кездегі әкімі Нұрбол Тұрашбеков күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін тек ел аумағында емес, шет мемлекеттерге де насихаттау керегін айтып, қазақ балуанының өмірбаяны үш тілде баяндалатын кітап шығаруды қолға алған еді. Аудан әкімі ауысқанымен идея Ордабасы ауданының қазіргі әкімі Бағлан Батыршаевтың қолдауымен толық жүзеге асты. Кітаптың авторлары – танымал журналист Бақтияр Тайжан мен Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Құрманәлі Жылқыбай.
Сонымен бірге Түркістанда «Алып күш иесі – Қажымұқан» деректі фильмінің таныстырылымы өтті. Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған фильм Түркістан облысы, Ордабасы ауданы әкімдігінің тапсырысы бойынша Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен түсірілген.
Деректі фильмде Қажымұқанның балалық шағы, спорттағы жетістігі мен өз ұлтына деген сүйіспеншілгі баяндалады. Сонымен қатар бұл туындыда балуанның туған жері туралы да тың жаңалық ұсынылады. Фильмнің продюсері – Сәбит Әбдіхалықов, кеңесшісі – Әлімжан Құртаев, сценарий авторы – Сафуан Рысбай, қоюшы режиссер – Самат Джалилов. Қажымұқанның рөлін Роман Әбілдаев пен Бақтияр Түймебаев сомдаған. Деректі фильм ұзақтығы – 49 мин 35 секунд.
Фильмнің таныстырылымында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаев және Ордабасы ауданының әкімі Б.Батыршаев сөз сөйлеп, ұлы балуанның даңқты жолы жастарға жігер беретініне тоқталды. Балуан туралы деректі фильмді тамашалаған алғашқы көрермендер жаңа туындыға оң бағаларын берді.