Елдіктің жеті тұғыры
441 0
-
«Елдіктің жеті тұғыры» – ел азаматтарының алтын ережесі
Тіршілік пайда болғалы бір орында тұрақтаған дүние жоқ. Сәт сайын дүние дидары құбылып, сағат тілі соққан сайын заман өзгеріп, дәуір алмасады. Адам да, қоғам да, тағдыр да түрліше өрбиді. Жер жаһандағы мемлекеттердің де тарихы әр алуан күйде жазылады. Отанымыздың бүгінгі сипаты – кешегі тарихи жеңістері мен оқиғаларының негізінен көрінеді. Бүгінгі әрбір қазақстандық азаматтың бейбіт заманда, тыныш өмір сүруі – кешегі тарихи жеңістің арқасы.
Бабаларымыздың жанынан қымбат болған Тәуелсіздік – біздің зор бағымыз да бақытымыз. Тиісінше, азаттық – біздің де жанымыздан қымбат қастерлі құндылық. Бүгін көз алдымызға сағаттай сырғып өткендей көрінгенімен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – дүниежүзіндегі Қазақстан деген елдің қалыптасуының негізіне айналды. Үш онжылдықта белес-белес биіктерге ұмтылған, әрбір адамның өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясат жүргізілді.
Азаттыққа ұмтылудың өзі үлкен күш-жігерді қажет ететіні рас. Ал, тәуелсіздікті ұстап тұру одан да зор ортақ мүддені, кеңесілген бірлікті талап етеді. Осы отыз жылдықта мемлекеттің шаңырағын шайқалтпай, сарабдал саясат жүргізген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – тәуелсіздіктің тұғырлы тұлғасы деуге болады. Тарихи тағылымы мол 30 жылда еңсерген жеңістер мен жетістіктерге бастаушы Елбасы кейінгі буын қазақстандықтар үшін де елдік ортақ мүдденің қағидаларын ұсынды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидалар жиынтығын қастерлі дата Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, барша ел азаматтарына үндеу ретінде жолдады. Мемлекетіміздің әрбір азаматы өз бойында қастерлеп сақтайтын жеті тұғырдың мазмұны төмендегідей өрбиді. Олар:
– Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін қастерлі құндылық.
– Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.
– Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.
– Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.
– Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.
– Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.
– Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.
Әрбір тұғырдың негізін атауынан ұғып, үнсіз мойындап, қалыптастыратын дүние екені сөзсіз. Әр адамның қабылдауға тиіс принциптерінен басталып, мемлекеттік мүддені, ел болашағын көздейтін қағидалар екені рас. «Елдіктің жеті тұғыры» – ел азаматтарының алтын ережесі деуге болады.
Егер, қастерлі еркіндікке қолымыз жетіп, азаттықтың ақ таңын көрмесек, біртұтас мемлекет болып шыға алмас па едік?! Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, халықтың әл-ауқаты көтеріліп, ең бастысы еркін өмір сүруіміз – тәуелсіздіктің арқасы. Тарихи кезеңде дүниежүзіндегі түрліше ұлт пен ұлыстың тағдыры бір арнаға тоғысып, ортақ мекенде күн кешу бұйырыпты. Ал, мәдениеті мен өмір салты мүлде бөлек ұлттарды ортақ мүддеге, бірлік пен келісім негізінде бір аспанның астында өмір сүруіміз – бейбітшіліктің алтын бесігі. 130-дан аса ұлт пен ұлыстың өкілдері ортақ мекеніміз Қазақстан елінің азаматы болып, мемлекет мүддесінде иық тіресіп қызмет атқару – Халықтар Ассамблэясын құрудың жемісі.
Ұлтарақтай жерін жауға берместен, қасық қаны қалғанша алысқан бабаларымыздан қалған жер – қазынамыз. Егемендіктен іле-шала етек-жеңімізді жинап, бұғанамызды бекіткеніміз – жаһандық қауіпсіздіктің негізі. Түрлі адамдар түрліше күн көріп жүрген заманда, әр отбасының құндылығы, салт-дәстүрдің өзегі – біртұтас мүддені көздейтін қоғамның берік діңгегі. Әйтпесе, отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүрден ажырағанда ұлттық мәдениет те, тұтас мемлекеттің іргетасы құлайды. Сондықтан, жанұя берекесімен, бабадан қалған әдет-ғұрыпты сақтау маңызды.
Еркіндіктің өзегімен бірге келген жаңа мүмкіндіктер әр адамға, қоғамға дамудың негізгі жолына айналды. Әлемдік тенденциялардың басымы білім мен еңбекке бағытталған тұста, жаһандық үдерістен кенде қалу азат елдің азаматтарына лайықсыз. Кез келген дүниеге мүмкіндік туып тұрғанда, сапалы білім алып, өнімді еңбек ету – бақуатты өмірге жол ашатын кілт секілді. Сондықтан, әрбір жас ұрпақтың сапалы өмір сүруінің негізгі жолы – білім мен еңбек.
Әртүрлі салаға бағдар алып, мақсатты меж -
елерін белгілеп, өсу мен дамудың жолында адам мен қоғамға керекті қасиет – прагматизм. Тұлғалық болмысын қалыптастырып, жаһандық бәсекеге қабілетті қағидаларды бойында қалыптастыру әрбір жас ұрпақ үшін, әрбір азамат үшін маңызды. Жекелеген адамдардың қабілеттілігі – ел дамуының тетігіне айналады. Сондықтан, осындай қасиеттер мен қағидалар – әрбір қазақстан азаматының бойынан табылуы керек.
Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидалар жиынтығын ел азаматтарына ұсынуы – Тәуелсіздің 30 жылдығында іркілместен ілгері дамуымызға негіз болатын қасиеттер мен қағидаттар. «Мәңгілік ел» идеясының өзегіне әрбір адамның осындай тұғырлы қабілеттері негіз болады. Теңіздің дәмі тамшысынан білінетіні сияқты, еліміздің әрбір азаматы осы қағидалармен өмір сүрсе, «Мәңгілік елдің» бұғанасы берік болмақ.