КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ ТҮРКІСТАН

Түркістан – болашақ туризм ордасы. Ал Түркістанды облыс орталығына айналдыру- мен облыстың туристік әлеуеті де жоғарылап келеді. Шындығында Түркістан тарихи туризм мекені болуға әбден лайық шаһар. Қалада туристер тамашалайтын ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, спорттық демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер бой көтеріп, шетелдіктерге толықтай сапалы қызмет көрсетуге дайын тұр.

Тарихи туризм ошақтары облыс аумағында жетерлік. Олардың ішінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қасиетті жерлері ішкі және сыртқы туризмді дамытуға қолайлы орындар санатында.

Қаланың тарихи туризм әлеуетін көтеру сонау 1991 жылдан бастау алып, «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейі» құрылғаны да баршаға аян.

Одан да бөлек Қазақ хандарының зираттары, Рәбия Сұлтан Бегім мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т.б. тарихи нысандар бар. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, тарихи музейлер мен тарихи- мәдени орталықтар – туристерді қызықтыратын нысандар.

Ал ең басты туристік нысан – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Қожа Ахмет Яссауидің бейітінің үстінен салынған. Ғимаратты атақты Әмір Темір тұрғыздырған. Бұл ғимарат – сәулет өнерінің ерекше жетістігі. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысанға жылына мыңдаған турист ат басын тіреуде. ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш – Есім хан кесенесіне де келушілердің қатары қалың. Сонымен қатар ішкі сегіз қырлы және төртбұрышты бөлмелерден тұратын Рабия Сұлтан бегім кесенесі Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстікте, 150 м жерде орналасқан Қылует жер асты мешіті кесенеден оңтүстік шығыста, 150 м жерде орналасқан, жеті бөлмеден тұратын ортағасырлық Шығыс моншасы, Түркістан тарихи музейінің де бәсі бөлек.

Туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия елдерінен келушілер. Еліміздің өзге аймағынан тарихи орындарға келушілер де аз емес. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі. Облыс орталығы Түркістан қаласының бір өзі Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі өзіне тартатыны да анық. Соған сай сервистік қызметтердің де сапасы талапқа сай артып келе жатқаны қуантады. Шындығы сол, көне қала туризм кластері бойынша жылына миллиондаған туристі қабылдайтын деңгейге де жетіп қалды. Туризм арқылы Түркістанды әлемге таныту да басты міндеттеріміздің бірі болмақ. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі де келешекте дамыған туризм орталығына айналуы тиіс. Кесенеде 21 хан, 8 сұлтан, 19 би, 56 батыр және өзге де тұлғалардың сүйегі жатыр. Осындай ұлы тұлғаларды ұрпаққа ұлықтау үшін «Түркі әлемі», «Қазақ хандары мен билері», «Ұлы дала елі», «Тарихи-киелі орындар» орталықтары салынды, «Ұлы дала есімдері» жобасы аясында ортақ база да жасалады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңынан Визит орталығы және ашық аспан астындағы музей, Бейнелеу өнері музейі, амфитеатр, мәдени демалыс орындары халық игілігіне берілді. Тарихи жәдігерлер де қалпына келтіріліп жатыр. Түркістан облысының тарихи-әулиелі жерлерінің орталығы, облыстық әмбебап кітапхана, қазақ драма театры, туризм колледжі және Медиа, «Қазақстан-Назарбаев» орталықтары бой көтерді. Бұдан бөлек, «Туристік Қазақстан – 2019-2025» бағдарламасы аясында көне қалашықтарда, оның ішінде Отырар, Сауран, Күлтөбеде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспарға алынған.

«ҚР туристік индустриясын 2023 жылға дейін дамыту» тұжырымдамасына сәйкес, обыста атқарылып жатқан ауқымды іс те көп.

Яғни Түркістан қаласында туризм саласын дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. «Керуен Сарай» туристік кешені ашылып, «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасын іске асыру да жеделдетіліп жатыр.

Туризмді халықаралық деңгейде дамыту мақсатында Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының форумы аясында Үкімет басшыларының қатысуымен Ташкент, Самарқанд, Бұхара облыстары мен Түркістан облысы құрамдастырылған турларды әзірлеу және оларды әлемдік нарықтарда ілгерілету бойынша төрт жақсы келісімге қол қойылды. Қалаға туристерді тарту мақсатында Қ.А.Яссауи кесенесінің айналасында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр және мәдени демалыс орындары қызмет көрсетуде.

«Облысымыз тарихи және мәдени нысандарға бай өлке. Өз кезегінде өңірде Түркіс­тан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында  тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы іске асырылуда»,-деген өңір басшысы Ө.Шөкеев Түркістандағы «Керуен Сарай» туристік кешеніне  келушілердің де көп екендігін атап көрсетіп, жемісті жобаға оң баға берген болатын. 88 млрд. инвестиция тартылған шығыс үлгісінде салынған бірегей кешенде қолөнершілері бар жабық базарлар, шығыс базары, сауда орталықтары, гандола қайықтарының жүзуіне арналған су арналары, сауда орталықтары, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер қызмет көрсету үстінде. 600 жаңа жұмыс орындары да ашылды.

Өңір туризмін қайта түлету мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Түркістан қаласындағы мәдени ескерткіштері 2011 жылы Қазақстан Республикасының «Жібек жолы тарихи орталықтарының өрлеуі, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұраларының дамуын сақтау және иелену» мемлекеттік бағдарламасына еніп, 2016 жылы «Көне Түркістан» жобасы аясында қаланың бас жоспары мен даму перспективалары түзілді. 2019-2021жж. арналған инвестициялық жобаға облыстық бюджеттен 2019 жылға жобалау сметалық жұмыстарға 433 млн. теңге, 2020 жылға құрылыс объектілеріне 3 млрд. теңге, 2021 жылғы құрылыстарға 6,9 млрд. теңге қарастырылып, бұл қаржының басым бөлігі облыстың көркеюі мен туризмнің дамуына жұмсалды.

Түркістан қаласының өзінде 10-нан астам ірі мәдени кешендердің құрылысы қолға алынды. Атап айтқанда, Түркістан қаласының бейнелеу өнері музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, Опера және балет театры, «Түркі әлемі» орталығы, «Күлтөбе» аспан астындағы мұражайы, қалалық амфитеатр, «Әзірет Сұлтан»  тарихи-мәдени қорығының ішіндегі мәдени-демалыс нысандары, Түркістан облысы тарихи-өлкетану музейінің құрылысы т.б. мәдени туризмді дамытуға тың серпін беруде. «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасындағы» ТОП-10-ға енген туристік нысандарға Түркістан облысы жылына 1,5 млн. турист тартуы қажет. Ал, осы бағдарламада Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қатысты арнайы «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері де қарастырылады. Қорыта айтқанда, өңірде туризмді өркендетуге бағытталған игі істер баршылық. Демек, келешегі кемел Түркістанның туристер қаласы атанатындығына сенім мол.

 

З.Бигельдиева.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.