КӨНЕ ҚАЛА КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан – мыңжылдық өркениет ордасы. Бүгінде облыс орталығына айналған абат қала жыл санап көркейіп келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те қаланы дамытуды басты назарға алып, Түркістанды дамытудың екінші кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңгеге жеткенін атап көрсетті. Жалпы Түркістанның дамуы 4 аумақта жүзеге асады. Халықаралық әуежай аумағында 12 жоба іске қосылса, оның ішінде 100 орындық заманауи қонақ үй, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.

Ал Әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаның құрылысы: теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфақұрылымы бой көтермек. Сондай-ақ 46 мың пәтерді пайдалануға беру де жоспарда бар. Одан бөлек Б.Саттарханов даңғылының бойында спорттық кешені, Яссы желілік саябағы, ірі сауда оталықтары, 182 га университеттік ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешенін салумен қатар  «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру да қолға алынып, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palase» қонақ үйі, «Хилует» мәдени-рухани орталығы пайдалануға берілетін болады.

Тоғыз жолдын торабындағы Түркістанды жасыл желекті қалаға айналдыруда да ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Яғни халықаралық әуежай бойындағы 1700 гектардан астам алқапқа 2,5 млн. түп сексеуіл көшеттері отырғызылса, 400 гектардан астам алқапқа 125 мыңға жуық жапырақты ағаш көшеттері егілді. Жалпы қала аумағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында отырғызылған орман ағаштары-ның саны артып келеді.

Сонымен қатар көне шаһарға кіре берісте «Түркістан» деген жазуы бар ерекше стелла қойылуда. Биіктігі 11 метр стеллаға 70 жарықшам орнатылмақ.

Өңір басшысы Ө.Шөкеев облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын ұдайы аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын жиі бақылап тұрады. Мәселен «ЭКО базар» мен автовокзал құрылысының айналасын абаттандыру жұмыстарын, құрылысы жүріп жатқан Яссауи көшесінің бойында орналасқан желілік саябақты көріп, Яссы көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары мен «Түркістан – арена» стадионының айналасын көгалдандыру барысымен де танысып, тиісті сала басшыларына да міндеттер жүктеді.

Тіпті Түркістанға кіре берісте еңселі мешіт бой көтерді. Бұл нысан Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің қолдауымен көрші мемлекеттің Түркістанға тартуы ретінде салынып жатқан ерекше ғимарат. Жоспарға сай құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Ал сәулеті бөлек Ислам орталығында шығыстық нақышқа мән беріліп, әлем елдеріндегі озық тәжірибелер де ескерілген. 5 мың адам бір мезгілде құлшылық ете алатын мешіттің жалпы көлемі –  20 000 шаршы метрді алып жатыр. Одан бөлек Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 60 тұрғын үй салынса, әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңа білім орындарын салуда тың серпін байқалады. Биылғы жылы Түркістанда 900 орындық заманауи қондырғылармен, үлкен спорт залымен, пәндік сыныптармен қамтылған жаңа мектептің құрылысы бітуге тиіс. Қалада баспана мәселесі мемлекеттің қуатты қолдауымен шешімін тауып келеді.

Яғни Түркістан қаласында жалпы аумағы 45 мың шаршы метр болатын 7 қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып қалды. 735 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасы көтеріліп, терезесі қойылды. Қорыта айтсақ, облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында бес жыл ішінде 5 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй салу жоспарланған болса, Түркістанда қазір 7,9 және 12 қабатты 82 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Демек жыл соңына дейін 1000-ға жуық пәтер өз иелерін табатыны анық.

Ал Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 2022 жылғы шілде айында толық бітуі тиіс. Сондай-ақ 4,6 және 8 қабатты тұрғын үйлердің құрылысын келер жылдың наурыз айында аяқтау жоспарлануда. Облыс басшысы бой көтерген жаңа нысандардың айналасын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүзеге асыруды мердігер мекемелерге міндеттеп отыр.

Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев нақтылап берген қағиданы қаперде ұстасақ, рухани қазынамыздың орталығы іспетті рухани астанамыздың қайта түлеуі, қарыштап дамуы баршамызды да қуантатыны даусыз. Демек түркі елдерінің басын біріктіретін алын көпірге айналған киелі Түркістанның өзінің өрлеу кезеңіне аяқ басқаны Алаш жұртының жарқын болашаққа деген сенімін күшейте түсетініне еш күмән жоқ.

 

Д.СҰЛТАН.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.