ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА ТЫҢ СЕРПІН БАР

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – еліміздің дамуы мен нақты қадамдарын көрсететін маңызды еңбек. Аталған мақаласында Н.Назарбаев: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі»,-деп атап көрсетеді. Олай болса, қасиетті орындар, киелі жерлер – рухани жаңғыру идеясының, Түркістан өңірінде туризмді дамытудың жанды көрінісі.

Жалпы өңірімізде туризмді дамытуға сұранып тұрған киелі орындар жетерлік. Солардың бірін ғана тілге тиек етейік. Қазіргі Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Қаратаудың күнгей бетіндегі Балабөген өзенінің аңғарында қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында Домалақ ана атанған Нұрила Әли Сыланқызы зиратының басына кесене тұрғызылған. Домалақ

ана кесенесі келіп зиярат ететін киелі орындарының бірі ғана емес, сонымен қатар «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енген қасиетті мекен. Өңір туризмін өрістетуге қолайлы орындардың бірі. Домалақ ана кесенесі

1456 жылы күмбездері бар 4 қабырғалы мазар түрінде салынған. Домалақ ананың немересі Дулат арнайы Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, алғашқы кесенесін тұрғызған. Кесене кейінгі тарихында бірнеше рет жаңартылған. Кесененің алғашқы үлгісі біздің уақытқа дейін жетпеген. 1957 жылы қайта қалпына келтірілген кесене көп сақталмаған. Кесене 1996 ж. Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен қайта қаланған. Жерден 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Кесененің құрылысын жүргізуші және жобасын жасаушы сәулетшісі – Саин Назарбеков.

2017 жылы кесене жанынан келушілерге қызмет көрсететін орын салынған. Домалақ ана тарихта өмір сүрген, ұрпағы бірнеше рулы қауымға айналған елдің анасы. Домалақ ана кезінде батыр әрі би болған тарихи тұлға Бәйдібектің үш әйелінің бірі болған. Бүгінгі Албан, Суан, Дулат тайпалары Бәйдібектің Домалақ анадан туған Жарықшақ деген ұлының кіндігінен тараған. Көзі тірі кезінде «Домалақ ана» деген қастерлі атқа ие болған Домалақ ананы Жамбыл Жабаевтың өзі жырлаған. Қазақтың атақты ақыны Кенен Әзірбаевтың көрсетуінше, ол қожаның қызы болатын, төл аты Нұрбибі.

Зерттеулерде Бәйдібектің екінші әйелі – Домалақ ана әулие деп көрсетілген. Үлкен жүректі, ізетті, өзгенің қайғы-мұңы  мен қуанышына ортақтаса алатын ана емшілік пен көріпкелдік қасиеттеріне де ие болған. Өзгені де өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірімін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті.

Қос Бөгеннің сағасындағы жазыққа жерленген Домалақ ана рухы зиярат ете барғандардың бойындағы кесел-сырқатынан сауығуына көмектеседі деседі. Домалақ ана кесенесінен 700 метр оңтүстікте «Домалақ ана бұлағы» орналасқан. Бұлақ суының пайда болуын да Домалақ анамен байланыстыратын аңыздар бар. Ел аузына аңыз болып тараған бұлақ суының шипасы мол, ел қасиетін жоғары бағалайды. Халық Домалақ ананы ғасырлар бойы қастер тұтып, ешқашан ұмытқан емес.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылғы қазан айында әулиеге тәу етіп: «Мейрімің шуақ болып тарайды, Бүкіл елің анамыз деп санайды» деген жазумен өрнектелген ескеркіш тас қойған. ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынды. Ғылыми-сараптамалық кеңестің шешімімен жалпыұлттық маңызы бар қасиетті 100 нысан, жергілікті маңызы бар 500 нысандар тізімінің жобасы анықталды. Тізімге аты аңызға айналған тарихи тұлғаларды енгізу шарт болып табылады. «Домалақ ананың» кесенесі осылардың санатында.

Әлемдік бәсекеге түсу үшін, Түркістан облысында туризм саласын мейлінше дамыту үшін Елбасы ұсынған жобалардың қай-қайсысы да маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болғысы келеді. Ол үшін, алдымен, адамның санасы өзгеруі керек. Халықтың рухани байлығы артуы қажет. Біз, бірінші кезекте, саясаттан бұрын экономиканы қолға алып отырған елміз. Қазір экономикамыз жаңғырып, индустриалды-инновациялық жобаларды тетікке қосып, бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру үстіндеміз. Ендігі кезекте тарихымызды, мәдениетімізді жаңғыртып, ұмыт бола бастаған құндылықтарымызды әспеттеуге ұмтылсақ, бұл бізге тек қана жетістік береді. Бұл арқылы біз ұрпағымыздың санасын жаңғыртып, көзі ашық, көкірегі ояу жастарды қатарға қосамыз. Сондықтан, мұндай жобалардың халыққа берері де зор» деген болатын. Сондай-ақ Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында еліміздегі қасиетті нысандардың жалпы санын анықтау қажет болды. Ол тым көп болмауы тиіс және Қазақстанның туристік әлеуетін аша алатын зор резервтер мен мүмкіндіктерге ие тарихи-мәдени ландшафтын ескеру қажет болатын. Демек жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының маңыздылығы ерекше. Олай болса, Түркістан облысында туризмді кешенді дамыту мақсатында 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасы бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарымыздың желісі үзілмеуі тиіс. Өйткені бүгіннің өзінде өңір туризмін дамытуда тың серпін бар.

 

М.Тастанбеков,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі

директорының орынбасары, т.ғ.к., ХҚТУ доценті.

Түркістан қаласы. 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.