«Зер қадірін зергер білер» көрмесі ашылды
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінде «Зер қадірін зергер білер» тақырыбында көрмесі ашылды.
Көрмеде жылдар бойы музей қорында жинақталған жәдігерлер, қазақ қолөнер шеберлерінің әр өңірдегі өз ерекшелігімен жасалған зергерлік әшекей бұйымдары таныстырылды.
Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев ашып, шараның мақсаты мен тәлім-тәрбие тұрғысынан алатын орны жайлы әңгімеледі.
-» Қазіргі таңда қорық-музей қорында жиырма алты мыңға жуық заттай түпнұсқа мұрағаттар мемлекеттік есепке алынған. Оның ішінде этнографиялық жәдігерлер тобында 2778 жәдігер болса, тек зергерлік қолөнер бұйымдарынан 1386 дана құнды мұра бар. Әрбір әшекейдің өзіндік мәні, мазмұны бар. Экспозициядан орын алған зергерлік бұйымдар жеке-жеке тарих, тәрбиенің нағыз өзі, даналықтың дастаны. Осындай көрмелер арқылы өткенімізді ғана насихаттап қоймай, ұлттық ерекшелігімізді де қайта жаңғыртуға күш салуымыз керек»,-деді Ерсін Ботабайұлы.
Шара барысында қорық-музейдің қор сақтау бөлімінің басшысы Нұржамал Әшірбекова этнографиялық жәдігерлердің идеялық мазмұны мен қолдану тәсілдері, салт-дәстүрімізде алатын орны туралы әңгімелеп берді.
-«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде этнография тобындағы қазақтың қолөнер туындылары ішіндегі сырға, шекелік, шашбау, белдік, қапсырма, тана, түйме, алқа, бойтұмар, білезік, жүзіктер және тазалық құралдары-тіс-құлақ тазалағыш күміс әшекейлердің бірін-бірі қайталамайтын бірнеше түрлері бар.
Қазақ шеберлері технологиялық тəсілдерінің жеңілдігі мен құралдарының қарапайымдылығына қарамастан, зергерлік әшекей бұйымдарының үздік үлгілеріне жататын өнер туындыларын жасау арқылы ұлы өркениетті мәдениетіміздің бойымызға сіңіре білген тәлім-тәрбиесін, салт-дәтүрімізде пайдаланылып жүрген әшекей бұйымдары мен де көрсете білген. Көшпелі халық мәдениеттің үлгілерін жазусыз, сызусыз ауызекі өнер туындылары арқылы, ою-өрнек, зергерлік бұйымдар арқылы нәзік те әдемі жеткізе білген. Қолөнер бұйымдары алдағы уақытта да ғасырдан-ғасырға жалғасын табатынына дау жоқ»,-деді қорық-музейдің қор сақтау бөлімінің басшысы Нұржамал Орынтайқызы.
Көрме экспозициясындағы зергерлік әшекей бұйымдары қолдану тәсілі мен тарихи маңызына қарай 5 бөлімге бөлінді.
Бірінші бөлімге құлаққа тағылатын сырғалар, оның ішінде ай сырға, қоңырау сырға, собық сырға, оңтүстік өңіріне тән эмальді сырға, шашақ сырғалар қойылды.
Екінші бөлімнен мойынға, кеудеге тағылатын алқалар, батыс пен оңтүстік-батыс өңіріне тән өте көлемді, сырты алтынмен буланған алқалар мен өңіржиектерді кездестіруге болады.
Үшінші бөлімде Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарында жасалған жұмырланып және төрт қырланып соғылатын білезіктер мен солтүстік және орталық Қазақстанның жұқартыла соғылған жіңішке білезіктері, оңтүстік өңірінің құйма сом білезіктері сондай-ақ батыс пен оңтүстік-батыстың өте көлемді, сырты алтынмен буланған көзді білезіктері таныстырылды.
Төртінші бөлім қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейінің бірі-әйелдерге арналған әр түрлі сақина мен жүзіктерге арналды. Жүзіктер жасалу мәнеріне қарай немесе көздеріндегі тастардың атымен «көзді жүзік», «құдағи жүзік», «отау жүзік», «құс тұмсық жүзік», «күмбезді жүзік» сондай-ақ, ертеректе хан, би, болыстардың мөр, қолтаңба орнына қолданатын жүзіктері «мөрлі жүзік» деп аталған. Көзді жүзік аты айтып тұрғандай ұяшыққа отырғызылған көзіне байланысты айтылса ал, құдағи жүзік астыңғы бетінде екі саусаққа қатар киілетін сабағы бар, өте көлемді және аса сәнді алтын мен апталған жүзіктер Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында жасалады. Жүзік беті көлемді келеді. Жүзікті оң қолының ортаңғы екі саусағына кигізгенде, төрт саусақ сыртын түгелге жуық жауып тұрады. Құдағи жүзікті қалыңдықтың шешесі құдағайына өзінің қызына мейіріммен қарауы үшін және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартатын болған.
Келесі бір жүзік құстұмсық жүзіктің де жоғарғы беті және жаны айналдыра өрілген күміс жіппен қоршалып, арасы сіркелеу әдісімен өрнектелген. Құстұмсық жүзік-бақыттың, тәуелсіздіктің, еркіндіктің белгісі. Бұл жүзікті бойжеткендер таққан. Сол сияқты Отау жүзік те аталуынан білініп тұрғандай отауды бейнелейді. Жүзік отау пішінді болып келіп, үсті майда-майда бүршіктермен сәнделеді. Бұл қалыңдықтың саусағына тағылатын ұрпағың көп болсын, бір рулы ел бол деген ниетпен тағылатын, әйелдің отағасының ұрпағын жалғастырушы екендігін білдіріп тұратын сәндік әшекей бұйым.
Қазақ зергерлері жасаған бұйымдардың оның ішінде жүзіктердің пішіні де, көздері де, бүтіндей бөліктері де, материалы мен ондағы өрнектері де түгелдей наным-сенімге байланысты. Зергерлік әшекейлік бұйымдардағы тастар мен күмістердің күрделі мағынаға ие екенін байқауға болады.
Бесінші бөлімде мұражай қорындағы күмістен жасалған зергерлік қолөнер туындыларының ішіндегі құнды жәдігерлердің бірі және ерекше түрі- зергерлік гигиеналық тіс, құлақ тазалағыш әшекейлері мен бойтұмарлар орналастырылды.