ТҮРКІСТАНДА ҚОС МЕРЕКЕ АЯСЫНДА ФОРУМ ӨТТІ
«16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» мерекесіне және «9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне» орай, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен форум өтті.
Іс-шараға өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік орган қызметкерлері, арнайы мониторингтік топ және ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері, «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсе менеджерлері мен Департамент қызметкерлері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске үлес қосқан азаматтарды марапаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және парасаттылық идеологиясын ілгерілету бойынша атқарылған жұмыстарды қоғамға кеңінен жеткізу.
Іс шара Қазақстан Республикасының әнұранымен басталып, арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.
Жиынды Департамент басшысы Қанат Қожахметов алғы сөзбен ашып, рухани өңірдің келешегі оның әрбір азаматына байланысты, сондықтан, Сіздерді сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуда белсенділік танытуға шақырамын» — деді.
Ал, департамент басшысының бірінші орынбасары Н.Сәмет өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен облыс көлемінде әлеуметтік дертке қарсы саясаттың іске асырылуы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Іс-шара бағдарламасы аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Жетпісбай, «облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ш.Жамалбек және Республикалық «Жемқорлықпен күрес» құқықтық газетінің меншік иесі, бас редакторы Ұ.Тұңғышбаев құттықтау сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруда қоғамдық бақылау орнатудың, орны ерекше екендігіне тоқталып, киелі өңірде жемқорлық деңгейін төмендету бағытында әрі қарай бірлесіп нәтижелі жұмыстар жүргізетіндеріне сенім білдірді.
Қанат Оспанұлы мен Арман Шәріпбайұлы шара барысында сыбайлас жемқорлықпен күресуде белсенділік танытқан азаматтарға алғыс білдіріп, арнайы мерекелік медаль мен төсбелгі, сондай-ақ, біліктілік шендер мен грамота, алғыс хаттарды табыстады.