РУХАНИ АСТАНА АЖАРЛАНЫП КЕЛЕДІ
Бүгінде облыс орталығы Түркістанда құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Қарқынды даму үстіндегі рухани қалада жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі ретінде Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жаңа нысандарды айтуға болады. Жаңа нысандарда ғимараттардың айналасын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Көне шаһарда климаттық жағдайлар да ескеріле отырып, жасыл белдеу қалыптастырылуда. Көгалдандырудың жалпы ауданы 13 мың гектарға жуықтайды. Жалпы қалада бүгінде 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар бар.
Айталық «Тұңғыш Президент саябағындағы» жасанды арал үшін су ұңғымасы мен резервуар салынып, 10 мыңға тарта ағаш отырғызылып, жолдар төселген. Саттаханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақта» да 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, қаланы көріктендірудің жұмысы жалғасып жатыр. Сондай-ақ аумағы 22 370 гектарға кеңейтілген қаланы 3 кезеңге бөліп дамыту көзделуде. Біріншісі 2020 жылы басталып, 2025 жылы аяқталса, екінші кезеңі – 2035 жылы, үшінші кезеңі – 2050 жылы бітіп, 2025 жылға дейін қала тұрғындарының саны 250 мыңға, 2035 жылға қарай 350 мың адамға, 2050 жылы 500 мың болады деп болжануда.
Былайша айтқанда, қаланы даму мүмкіндіктері өте зор. Туризм және өнеркәсіп – Түркістан дамуының негізгі екі бағыты болмақ. Жыл сайын қаланың миллионнан астам туристті қабылдауға мүмкіндігі бар. Қалада бұл көрсеткіш келешекте 5 миллионға жетуі тиіс. Қазіргі таңда қалада 11 киелі нысан мен мұражай, 6 рухани-мәдени нысан, 4 туроператор келушілерге қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Жалпы облыстың құрылғанына 3 жылдан енді асса да, қаланы абаттандыру және жасыл қалаға айналдыру бағытындағы жұмыстар ауқымды-ақ. Рухани астана жасыл желекті шаһарға айналып, жыл санап жасарып келеді. Туризмді түлету де басты назарда. Айталық «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Б.Тәжібаев өңірдің туристік әлеуетін көтеру, тарихи ескерткіштерді қорғау, руханиятқа, спортқа қолдау көрсету және насихаттау партияның Жол картасының басым бағыттарына енгізілгенін жеткізіп, «Ұлттық мұра» жобасы аясында өткен «Түркістан ғажайыптары» өлкетану экспедициясының өңір тарихын, өлкетануды зерделеуде табысты еңбек еткенін тілге тиек етті.
Ал өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев шаһардың құрылыс алаңдарын аралап, жаңа нысандардың жұмысымен танысып, Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің АҚШ, Франция, Италия, Португалия, Словакия, Гонконг, Үндістан елдеріндегі жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімге келгенін атап өтті.
Ал Түркістан қаласының айналасында «Азық-түлік белдеуінде» де елеулі жетістіктер бар. «Түркістан Агро XXI» ЖШС жаңбырлатып суару технологиясымен егілген екінші өнімді жинауды бастады. Соңғы 3 жылда атқарылған жемісті жұмыстарға сай Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, 445 млрд. теңгеге жаңа 257 нысанның құрылысы жүргізілді, 123 нысанның құрылысы бітті.
Түркістан қаласындағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін көпқабатты үйлерде де күрделі жөндеу жұмыстары жеделдетіліп, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында 2021-2022 жылдарға 46 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарға сай атқарылуда. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 1620 пәтерге, оның ішінде 45 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылуда.
Жалпы қала ішінде жөндеуді қажет ететін 46 үйдегі жұмыстар басталып кетті. Ал 15 үйдің жұмыстары қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тапсырмасына сәйкес, қараша айына дейін аяқталмақ. Бұған дейін 2012-2018 жылдар арасында 55 үй жөндеуден өткен. Былайша айтқанда, өрлеу үстіндегі өңірдің бас қаласының болашағы зор.
Ұ.ӨСКЕН.