ТУРИЗМ — ТҮРКІСТАННЫҢ КЕЛЕШЕГІ
Түркістанның туризм саласын дамыту – басты меже-міндеттердің бірі. Жалпы өңірдегі мәдени туризмді дамытуға әлеуетіміз толық жетеді.
Бұл тұста еліміздің туризм саласының Бүкіләлемдік экономикалық форумның «Саяхат пен туризм» санаты бойынша бәсекелестік қабілеттілігі индексінде 2017 жылғы көрсеткіш бойынша 136 елдің ішінде 81-орын иеленгенін де айта кетейік. Қазақстанның туристік кластері бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасының 57-қадамында туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту қажеттігі атап көрсетілген. Бүгінде өңірімізде де туризм саласының дамуы анық байқалады. Әсіресе мәдени туризм өркендеу үстінде. Әлемдік туристік мекемелердің 2018 жылғы көрсеткіші бойынша, елімізге жылына 4 млн. 560 мың адам келетін болса, Түркістанды тамашалауға құштар шетелдіктердің де қарасы қалың. Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында да айқын мақсаттар баршылық. Қазақстанның мәдени туризмді дамытуға қолайлы екендігін ЮНЕСКО да кұптап отыр. Қазақстанның туризм саласын көтеруге өркениет пен Жібек Жолы бойындағы қалалық мәдениеттің сақталуы да септігін тигізіп отырғаны жасырын емес.
2017 жылы ел аумағындағы барлық қасиетті жерлер мен ескерткіштерді зерттеуге арналған «Қасиетті Қазақстан» жобасын жүзеге асыру қолға алынып, жалпы бұл жоба аясында еліміздің мәдени туризм нысандарының тізбесі жасалынды. Расында Түркістан облысында мәдени және архитектуралық ескерт-кіштер, қасиетті жерлер мен киелі орындар көп-ақ. Бір ғана Түркістан қаласының маңындағы археологиялық ескерткіштердің саны 99-ға жетіп отырғанын ескерсек, көне қалалардың тарихының тереңде екендігін қаперге алсақ, Қазақ хандығымен тікелей байланысты қаланың, қазақ хандары мен билерінің пантеоны қалыптасқан «кіші қажылық» шаһарының келешегі кемел боларына шек келтіре алмайсыз.
Түркістан облысында қазіргі уақытта мәдени туризмді дамытуға қолайлы нысандар өте көп. Мәселен 1926 жылы құрылған Ақсу-Жабағалы табиғи қорығының жалпы аумағы 131 мың 934 гектарға жетіп жығылады. Сондай-ақ, бұл тізімге Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркін, Отырар және Сауран көне қалалары мен Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Домалақ ана кесенелерін т.б. жатқызуға болады. Түркістан қаласының бейнелеу өнері музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, Опера және балет театры, «Түркі әлемі орталығы», «Күлтөбе» аспан астындағы мұражай, қалалық амфитеатр, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының ішіндегі мәдени-демалыс нысандары, Түркістан облысы тарихи-өлкетану музейі секілді жаңа нысандардың мәдени туризмді дамытуға сепетесетіні де айқын.
«Қазақстан Республика-сының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасындағы» ТОП-10-ға енген туристік нысандарға жылына 1,5 млн. турист тартылуы қажет. Ал, осы бағдарламада Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне қатысты арнайы «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластері де қарастырылады. Өз кезегінде Түркістан қаласы экономикасының туристік-сервистік бағытын дамыту және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттыру да көзделуде. Сондай-ақ, 2019 жылы Түркістан облысында туризмді дамытуға арналған бірқатар жоспарлар құрылғаны жадымызда. Соның ішінде «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы ұйымдастырып отырған «Қызғалдақтар жолы» халықаралық фестивалі аясында облысқа 5000-ға жуық қонақ келді. Демек, туризмі дамыған Түркістандай киелі мекенде келешекте жемісті де жүйелі жұмыстар жалғаса бермек.
З.Бигельдиева.