ТҮРКІСТАН – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ
Түркістан қаласы – Қазақстан Республикасы үшін ең маңызды тарихи қала. Қазақ елінің рухани астанасы есептелінетін киелі өңірге Қазақстанның барлық облыстарынан ғана емес, шетелдерден де ағылып келіп жатқан туристердің қатары мол. «Түркістанда түмен баб» дегендей, көптеген әулие, бабтардың Түркістан өңірінен шыққаны белгілі. Киелі мекен – Түркістан өңірінде неше ғасырлық тарихы бар Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің өзі әлемдегі барлық елдердің назарын аударып отыр. Нешелеген би, бек, хандардың Түркістанда дәуірлеп тұрғандығын тасқа қашалған жазулар, келісті кесенелер мен ескерткіштер айқындайды.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген батырлар, хандар, бектердің тарихын білуге құштарланған бүгінгі ұрпақ, әрине, Түркістанға табан тіреп, бабалар рухына тағзым етпей кетпейді.
Ғасырлар бойы қанды соғыс, шапқыншылықтардан киелі кесенені, бай мұраларымызды қорғап, бүгінгі күнге аман-сау жеткізген батыр бабаларымыздың ерлігіне қалай тәнті болмайсың?! Сол ғасырлық аманатты шып-шырғасын шығармай, болашақта да айбынды қалпынан аласартпай, ұрпақтар игілігіне айналдыру – біздің міндетіміз. Сондықтан да өңір басшысының бастамасымен Түркістанды түлету ісі қолға алынып отыр. Бұл игі жұмыстың оңды басталғанынан болар, Түркістанның бүгінгі күн санап құлпырған бейнесі, гүлдей жайнаған келісті келбеті киелі мекеннің төрткүл дүниеге танылуына әсер етіп отыр.
«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой,
Түркістан – екі дүние есігі ғой»,
-деп жырлаған дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаев та Түркістан топырағында туып-өскен бабаларымыздың жазып қалдырған құнды мұралары мен сәулетті құрылыстарынан тұщымды ой түйгендей. Барлық түркі тілдес ұлттардың Түркістан десе елең етпейтіні болмайды. Ілім-білімнің қайнар бұлағының көзі болған Түркістаннан түлеп ұшқан ғұлама, әулие кісілер қаншама. Сол кісілердің жазып, тәпсірлеп қалдырған ілім-білімі бүгінгі күнге дейін таусылмас азық болып келгендігі жұртқа аян.
Еліміздің өсіп-өркендеуі Түркістандай қасиетті мекенмен біте қайнасып, тарих тамырының Түркістанға жалғанып тұрғандығын анық аңғарған бүгінгі таңда Түркістанды түлету маңызды істердің бірі болмақ.
Әлемнің барлық елдерінен саяхаттап келушілердің қатарының молаюы Түркістанның туризм саласының қарыштап дамуына да ықпал етіп отыр. Қаладағы түрлі қонақүйлер мен салтанат сарайларының көркемдігі көз сүріндіреді. Шетелдерден саяхаттап келген қонақтар қатарында зерттеуші, ғалым, архелог мамандар да жетерлік.
Құнды дүниелеріміздің құлдырамай ғасырлар бойы жарқырауына Қазақстан топырағында тірлік кешірген әрбір азамат атсалысуы керек. Біздің айтып отырғанымыз –Түркістанның жұртқа белгілі жақтары. Ал, ашылмай жатқан құндылықтарымыз қаншама. Оларды жарыққа шығарып, әлемге таныту үшін біліммен қаруланған, қиялы ұшқыр, ойы озық жандардің қажет екендігі мәлім. Ендеше, ел тарихын түгендеп, бабалар аманатын аяқсыз қалдырмай, білім нәрімен сусындап, Түркістандай киелі жерлердің кереметтерін көрсету көне шаһарды қайта түлетуге қосқан сүбелі еңбегіміз болмақ.
Келешекте түрленген Түркістанның асқақ бейнесі бой көрсетсе, әлем қызыға қараса, түркі жұрттарының рухы көтеріліп, еңсесі биіктейтіні хақ. Сондықтан да, бауырлас Түркия мемлекетінің де бұл рухани астанамыз Түркістанның барлық қырларының қызғалдақтай құлпыруына ықылас танытып, тілектестігін білдіріп келгендігін білеміз.
Түркістан – түркі жұртының ордасы. Сан ғасырлық тарихы бар Түркістанның түрленуі бабалар рухына бас иген саналы ұрпақтың маңызды шаруасы болып саналмақ.
Тіпті жуырда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында Түркістан облысының әкімі
Өмірзақ Шөкеев Түркістанда жаңа үлгідегі Достық үйі салынатынын жеткізе келе:
«Біріншіден, Түркістанның тарихи, мәдени және рухани әлеуетін насихаттау арқылы этностардың шоғырлануы мен бірлігін нығайтуды іске асырамыз. Елбасының тарихи шешімі Түркістанды зиярат орталығы ғана емес, Қазақстанда тұратын түрлі этностың және Түркі жұртының қасиетті мекені ретінде дамытуға мүмкіндік берді. Бұған туристердің көптеп келуі дәлел. Тек биыл көне шаһарға келген туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 5,5 есеге көп болып отыр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дінтану және әлеуметтану саласы қатар зерделену арқылы этносаралық қатынас дами түскен. Бұл бағытта терең білім алған университет түлектері облыста ғана емес, бүкіл республика бойынша жұмыс атқаруда», -деген болатын.
Ойымызды Елбасымыз, Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың “Түркістан ендікпен өлшенгенде де, бойлықпен өлшенгенде де жер шарының кіндік тұсына орналасқан”, “Түркістан – қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін дүниеге әкелген алтын бесік, әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп”, “Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан” ордасы деген орнықты пікірлерімен түйіндей келе, құрылысы қарқынды жүріп жатқан, жаңа нысандары жұртты қуантқан, шетелдік туристердің құтты мекеніне айналған, шығыстық стилін сақтап қалған көне шаһардың келешегі зор екеніне күмәніңіз қалмайды. Бұл тарапта атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында көптеген жаңа ғимараттар бой көтеріп, “Түркістан арена”, “Теннис орталығы”, “Мұз сарайы” секілді жаңа спорт кешендері, амфитеатр, Ұлы дала орталығы, Оқушылар сарайы, Керуен сарайы, Тұңғыш Президент саябағы, скверлер мен аллеялар, субұрқақтар мен демалыс орындары халыққа қызмет көрсетуде. Ендеше, елдігіміздің ордасына айналған рухани астанамыз өрлей берсін дегіміз келеді.
Жанна Бимбетова,
А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі,
Қазығұрт ауданы.