ӨҢІР СПОРТЫ ӨРЛЕУ ҮСТІНДЕ

Спортты дамыту – маңызы бөлек мәселе. Бүгінде өңір спорты да өрлеп келеді. Жалпы  Түркістан қаласы әкімдігінің «Спортты дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мәліметтеріне сүйенсек,  қалада  221 спорт нысаны жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың ішінде «Түркістан-Арена» стадионы,  Б.Шолақ спорт кешені,  Халықаралық туризм және меймандостық академиясы,   теннис корттары мен жүзу бассейндері, Су спорты кешені,  көптеген  спорт залдары халық игілігі үшін пайдалануға берілді.

Тіпті таяуда облыс әкімі  Өмірзақ Шөкеев те  Бекзат Саттарханов атындағы спорттық-сауықтыру кешеніндегі құрылыс жұмыстарын аралап шықты.  Бүгінгі таңда  Түркістан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенін реконструкциялау және 320 орындық қосымша ғимараттың іргетасын қалау, бірінші қабаттағы тірек қабырғасын тұрғызу жұмыстары  толық аяқталды деуге болады.

Сондай-ақ қалада “Олимпиада орталығы” заманауи спорт кешені ашылып, ашық бассейні бар спорт кешенінде тек қана балалар мен жасөспірімдер үйірмелері жұмыс істеп қана қоймай, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар оқу-жаттығу жиынын өткізе алатын мүмкіндік туып отыр.  Бұл тарапта өңір басшысы да:

«Облысымызда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық басталып кетті. Сол мереке қарсаңында Түркістан қаласында көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Түркістан қаласын қайта жаңғырту, жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. 2,5 жылдың ішінде 400-де астам нысан салынды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, тарихи, мәдени, турисік орталықтар бой көтерді. Түркістанның жаңа келбеті қалыптасып келе жатыр. Міне, осы даму жоспары аясында бүгін өте керемет спорт кешенін ашқалы тұрмыз. Бұл нысанды белгілі кәсіпкер Данияр Абулғазин өз қаражатына салып, Түркістанға тарту етіп отыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мұнда спортты дамытуға барлық жағдай жасал­ған. Спорттың түр-түрімен жылдың 4 мезгілінде де үздіксіз айналысуға болады. Командалық ойын түрлері залы, 50 метрлік бассейні, медициналық орталығы өте жақсы жобамен салынған. Бұл кешен біздің жасөспірімдер, жастар үшін өте керемет сыйлық болды. Мінеки, арамызда күні кеше ғана әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов бауырымыз келіп отыр. Өңірімізден Сәкен сияқты чемпиондар шыға берсін!», — деді .

Яғни  Түркістан қаласы әкімдігінің «Спортты дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2021-2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасына  сай ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде.  Биылғы  жылы облыстық, республикалық жарыстарда қала спортшылары біршама жүлделі орындарға да қол жеткізді.  Мәселен,  ел  Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан облыстық спартакиадада Түркістан қаласы әкімі аппараты және дербес бөлім қызметкерлерінен құралған команда 2-орынға, волейболдан ересектер арасында облыстық спартакиадада Түркістан қаласынан әйелдер және ерлер командасы 2-орынға ие болса,  үстел теннисінен ересектер арасында өткен спартакиадада Түркістан қаласының құрамасы 1-орынға, Түркістан қаласында өткен волейболдан және кіші футболдан ардагерлер арасында облыстық спартакиадада Түркістан қаласының командасы 1-орынға ие болды.

Сонымен қатар рухани астанада  волейболдан 15-16 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында республикалық турнир ұйымдастырылып,   Жамбыл, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы спортшылары бақ сынасқан тартысты бәсекелерге облыс атынан  Түркістан облысы мен Түркістан қаласының  екі командасы  қатысты. Ұзын саны  100-ден астам волейболшы қатысқан жарыста 8 команда өнер көрсетіп,  жеңімпаз  командалар жүлделі  орындарға қоса  Алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтарға да ие болды. Екі күнге созылған жарыс нәтижесі бойынша I орынды Түркістан облысы, II орынды Түркістан қаласы командасы иеленсе, жүлделі III орынды Шымкент қаласы спортшылары жеңіп алды.

Өңіріміздің аймақтарында да  спортты насихаттау қарқын алып отыр.  Айталық таяуда Шардара ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздікке тарту – 30 әлем чемпионы» атты салтанатты іс-шара өтіп,  бұл  мерекелік бағдарламаға  аудан әкімі Қайрат Жолдыбай да қатысып, ол спортты жанына серік еткен сайыпқырандарды   құттықтай келе былай деген болатын:

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жерлестеріміз биыл әлем чемпионаттарынан 30 алтын медаль алып отыр. Бұл айтулы мейрамға өте құнды да, бағалы тарту болды. Спортпен шұғылданып, өз денсаулығымызды күту әрбіріміз үшін өте маңызды болса, ал осы спортшылар жеңіске жетсе, елдің беделі көтеріледі. Жақында ғана Бухарест қаласында өткен армрестлингтен әлем чемпионатында «Шардара Армспорт» клубының өрендері дүние жүзінің алдында 25 рет Әнұранымызды шырқатса, гір спортынан Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз 5 алтын жүлдеге ие болды. Спортшыларымызға әрқашан жеңіс пен абырой, отбасыларына амандық, толағай табыстар тілеймін». Сондай-ақ аудан басшысы  дүбірлі додаларда үздік шыққандарды  Алғыс хаттармен марапаттап, 30 спортшыға   сый-құрмет көрсетті.

Жалпы   Румынияның  Бухарест қаласында қол күрестен өткен әлем чемпионатында Базарбай Асылжан, Ибрахим Әділет, Сәрсенбай Жармахан, Райм Бекарыс, Мансұр Мұқағали, Серікхан Саят, Басымбек Нұрболат, Полат Ермахан, Роман Данияр, Абдулла Аружан, Оразхан Ырысты, Тұрғанбек Тұрарбек, Ахметов Қуандық, Самат Мұқасан, Мұхамбетов Ердәулет, Ақтай Бекқуат, Саттар Шерхан, Зиядулла Назира, Тазабек Зейнеп, Қаржау Есболат, Ерсайын Мейрамбек, Нұрмахан Ердәулет, Сарыбай Ердәулет, Бекжігіт Асылжан, Абдрахман Бекбол  озық шығып,  чемпион атанса, Венгрияның Будапешт қаласында өткен гір тасын көтеру спортынан әлемдік додада Ергеш Нұрболат, Бейсенбай Ерсұлтан, Тұрғанбай Нұрбатыр, Қуаныш Ерасыл, Махамбет Мейіржан  алдына жан салмады. Осындай марапаттау салтанатынан  соң шардаралық композитор Әділғазы Ибрагимов «Шардара Армспорт» клубына арнайы тарту ретінде шығарған «Қол күрес» әнін  әуелете шырқаса,  армрестлингтен 2 дүркін әлем чемпионы Мағжан Шамиев те өзінің жүрекжарды тілегін  жұртшылыққа жеткізіп,  өңір спортын өрге сүйреп жүрген өрендерге сәттілік тіледі.

Шындығында өңіріміздің бұл аймағында  спортқа деген көзқарас оң. Бұқаралық спортты  насихаттау да  жоғары деңгейде деуге болады.  Айталық жуырда Жетісай қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында полиция майоры Ахметов Сәлкен Сейітұлын еске алуға арналған ерлер арасында волейболдан ашық біріншілік өтіп,   Жетісай аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық волейбол федерациясының, «Жетісай спорт клубы» КММ ұйымдастыруымен өткен сайыста 12 команда бақ сынады.

Жарыс қорытындысына сай   «Жетісай спорт клубы» құрама командасы І орынды иеленсе, «Жетісай ауданының адвокаттары» құрамасы ІІ орынды,  Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің Нәзір Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебінің командасы ІІІ орынды ұтып алды. Сайыс соңында жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар  марапаттарға ие болды.

Одан бөлек осы  Жетісайда  қазақ күресінен 2009-2011 жылғы  жасөспірімдер арасында Жетісай ауданының ашық біріншілігі №40 «Ынтымақ» жалпы орта мектебінде 2003 және 2004 жылғы түлектердің ұйымдастыруымен өтті. «1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні» мен ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы аясын­да  ұйымдастырылған  сайыстың ашылу салтанатына аудан әкімдігінің қызметкерлері де келіп,  облыстың аудан, қалаларынан келген 200-ге жуық жас балуан 24 келіден 55 келіге дейінгі 11 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтап, жүлделі орындарды сарапқа салды.

Жыл аяғындағы  түрлі бәсекелерден олжалы оралған спортшыларымыз да баршылық.  Мысалы Тәуелсіздігіміздің  30 жылдығы мен  генерал Сабыр Рахымовтың жүлдесіне арналған Алматы облысы Талдықорған қаласында Ұлттық жекпе-жектен өткен әлем кубогынде Мақтаарал ауданының  өрені  Махсуда Джаппарова ІІ орынға табан тіреп, күміс жүлдеге қол жеткізді. 1997 жылы Мақтаарал ауданы, Иіржар ауылық округі, Диқан ауылында туылған бұл жас спортшының бұған дейін де қол жеткізген табыстары аз емес.

Биылдың  өзінде ол  Қостанай қаласында өткен ел біріншілігінде күміс жүлдегер  болса, Шымкент қаласында өткен Пенчак Силаттан да ең  жоғары  нәтиже көрсетті.  Ақтөбе қаласында өткен Ұлттық жекпе-жектен ҚР Кубогының жеңімпазы,  Қырғызстанда өткен Gamma MMA-дан Азия чемпионатының жеңімпазы  т.б. толып жатқан жетістіктері бар  балауса қыздың  ертеңіне бапкерлері де зор үміт артып отырғанын жасырмайды.

Ал Біріккен Араб Əмірлігінің Дубай қаласында каратэден ересектер арасында  өткен əлем біріншілігінде командалық кумитэ бағдарламасы бойынша сынға түскен түркістандық спортшылар Спандияр Еркебек пен Абылай Төлтай қола жүлдегерлер қатарына қосылды. Осынау зор табысқа, әрине, Түркістан облысының каратэден аға бапкері Боран Төлеевтің  те сүбелі үлес қосқаны даусыз.

Сонымен бірге Украинаның Харьков қаласында панкратионнан әлем біріншілігі өтіп, мақтааралдық Нұрғиса Нажимидин ең ауыр салмақта екінші орыннан көрінгенін де айта кетейік.

Бүгінге дейін өңір спортшылары ел чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 352 алтын, 207 күміс, 252 қолаға қол жеткізсе, Азия чемпионаттарында 47 алтын, 19 күміс және 12 қола медаль, ал, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 26 алтын, 8 күміс, 14 қола медаль жеңіп алыпты. Жаңадан құрылған облыстың спортшылары үшін бұл өте жоғары көрсеткіш десек асыра айтқандық болмас.

Расында спорт саласында әділеттіліктің салтанат құруы үшін сыбайластықтың алдын алу да маңызды. Бұл тарапта да жоспарлы жұмыс жалғасуда.  Айталық биылғы жылдың қараша айының аяғында Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастырумен басқарма және басқармаға бағынышты ұйымның жаттықтырушылары, спортшылары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласына жауапты қызмкеткерлеріне  арналған жиын өтті.  Кеңесте спорт қайраткерлерінен құралған спикер пулын қалыптастыру және өзектендіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сыбайлас жемқорлықты болдырмау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Басқосуды  Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасында және спорт саласында 30 жылдан астам еңбек еткен мемлекеттік  қызметкер А.Бердашев басқарып  отырды. Самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, екі дүркін әлем чемпионы Халилаев Абдісадық,  Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстан Республикасының спорт шебері, Халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері Худияров Ғалымжан  және «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері»,  волейболдан халықаралық дәрежедегі төреші, Айдарбеков Қуат,  басқарма қызметкерлері мен  басқармаға қарайтын ұйымның жаттықтырушылары, спортшылары  қатысқан   жиында  сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу мәселелері  көтеріліп,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нығайту бойынша заңға сәйкес тиісті мәліметтер берілді.

Спортқа тың серпін беруде  облыста ауқымды  жұмыстар атқарылып та жатыр. Яғни биылғы жылдың  қарашасына дейін  бұқаралық спортты дамыту мақсатында 1321 іс-шара өткізіліп, оған 150 мыңға тарта адам қатыстырылса, ауылдық жерлерде өткізілген спорттық бәсекелердің өзі  мыңнан асып жығылады. Он айдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 700 мыңға жуықтап, облыс тұрғындарының 33,8 пайызын құрап отырғаны да бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстардың өз жемісін беріп отырғанын айғақтай түседі деп білеміз.

Тарқата айтқанда, Түркістанда қазір туризм мен бұқаралық спорт қатар даму үстінде. Заманауи спорт нысандары да көптеп  бой көтеруде. Ал халықаралық теннис орталығы, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебінің спорт кешенін қайта жаңғырту, мұз сарайы, ескек есу спортына арналған спорт кешендерінің құрылысы да қызу жүріп жатыр.  Аталған нысандар келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Демек, өңір спортын өркендетуде оң өзгеріс көп. Яғни  спортшыларымыздың осынау  табыстарын өзгеге үлгі етіп, ұлттық спортты да назардан тыс қалдырмасақ, әлі де талай биік белестерден көрінетініміз анық.

 А.Қадырқұл.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.