ТҮРКІСТАННЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Мүмкіндіктері де мол. Бүгін Түркістан облысында туризм саласының дамуы және перспективалары талқыланған жиында туризм бизнесінің өкілдері осылай деді. Оларды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов қабылдап, аталған саланы жан-жақты дамыту жолдарын талқылады. Алдымен қатысушыларға өңірде туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Түркістан облысы туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ақбердиеваның айтуынша, туристер санын арттыру бағытында біршама жұмыстар атқарылған. «Түркістан қаласында бүгінде жоғарғы санатты қонақ үйлер саны оннан асты. Биыл «Керуен сарай» кешенінде ұлттық нақыштағы «Сандық» мейрамханасы мен кофеханалар ашылды. «Хазірет Сұлтан» жаңа әуежайы толықтай іске қосылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 10 айда 1 млн. 330 мың адам келген. Түркістан қаласында шілде-қараша аралығында қонақүйлердің толуы орташа есеппен 51 пайызды құрайды. Әуежайдың мәліметінше, халықаралық рейстердің, Алматы, Нұр-Сұлтаннан келетін рейстердің орташа толтырылуы 70-75 пайызға жетті. Қазіргі таңда Түркістан қаласына саяхаттаушыларға туроператорлар тарапынан турпакеттер әзірленген»,-деді ол.
Қазақстанның туристік қауымдастығының басшысы Рашида Шайкенова мен «Sky Way» туристік ұйымының басшысы Әсем Қозбағарова және өзге де туристік фирма басшылары Түркістан облысының туризм кластерін дамыту жөніндегі өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Мамандар Түркістандағы туристік нысандар мен инфрақұрылымды жоғары бағалады. Түркістан қаласы Орта Азияның туристік жауһарына айналатынына сенім білдірді. Сонымен бірге қызмет сапасын арттыру, гидтерді көбейту, қазақтың мәдениеті мен болмысынан сыр шертетін этноауылдар салу, қолөнер орталығын қалыптастыру, әлемдік туроператорлар назарына ілігетін аса сапалы 4-5 ірі іс-шара немесе фестивальді дәстүрлі түрде өткізу және балалар туризмін дамыту бағытында ойларын білдірді. Ұлттық нақыштағы жобалардың туристерді қызықтыратынын атап өтті.
Хазірет Сұлтан жаңа әуежайы толық жұмыс істеп тұр. Еліміздің он үш қаласынан бөлек Стамбул, Ташкент, Бішкек бағытында тұрақты рейстер қойылған. Оның ішінде 11 қалаға субсидияланған рейстер ашылғанын да айта кетейік, яғни билет құны қолжетімді, 18 доллардан 60 долларға дейінгі аралықты құрайды. Бұл өз кезегінде туристік әлеуетті арттырып отыр. Сенімді дерек көздеріне сүйенсек, соңғы он айда «Хазірет Сұлтан» кешеніне келушілер саны 1 миллион 332 мың адамды құраған. Ал қаладағы қонақ үйлердің деректеріне сенсек, шілде айынан қараша айына дейін қонақүйлердің жүктемесі орташа есеппен 51 пайызға жеткен. Әуежай деректері бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан бағытындағы халықаралық авиарейстердің орташа толымдылығы 70-75 пайызды құрайды.Жалпы, Түркістан облысына келген туристер саны тоғыз айдың қорытындысы бойынша бір жарым миллионнан асады. Түркістандағы туристерге қызмет көрсететін жоғары сапалы қонақ үйлердің деректері бойынша шілде-қараша айларында туристер саны 21 555 адамға жетті (Риксос Түркістан – 13 023 адам, Күн және Қағанат – 8532 адам).
Жаңа Түркістанға жасалатын саяхаттар туроператорлар әзірлеген турпакеттер аясында жүзеге асырылып жатқанын да айта кетейік. Бір күндік стандартты тур пакетінің құны 100 доллардан 150 долларға дейін, оған тамақтану, көлік, гид және компанияның маржасы кіреді. Бір күндік түнгі туристік пакеттердің тағы бір санаты бар, 20 мен 40 АҚШ долларын құрайтын оған көлік, нұсқаулық және компанияның маржасы кіреді.
Туристік бизнесті заңнамалық деңгейде одан әрі ынталандыру мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен туристік бизнесті ынталандыру шаралары бекітілді. Атап айтқанда, туристік объектілерді салу, реконструкциялау және жарақтандыру кезінде жеке бизнестің шығындарын инвестициялар сомасының 10 пайызына дейін өтеу; ұлттық стандарттарға сәйкес жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 25 пайызын өтеу; санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға 30 АЕК мөлшерінде шығындарды өтеу; тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу кезінде шығындардың 25 пайызын өтеу; туристік санаттағы көлік құралдарын сатып алу кезінде туроператорлар мен турагенттіктердің шығындарының 25 пайызын өтеу; әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау; ішкі авиамаршруттар бойынша балалар үшін тасымалдау ақысын авиакомпанияларға 100 пайыз өтеу (“KidsGoFree”тетігі) қарастырылған. Осы қолдау шараларының барлығы туристік бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасайды және туристік пакеттер құру мен туристерді тарту үшін қосымша ынталандыру болып табылады. Қазіргі уақытта Түркістан қаласына туристерді тарту бойынша Өзбекстаннан, Түркиядан, Ресей Федерациясынан келетін туристер мен туристтердің ішкі нарықтары анықталып жатыр.
Түркістан қаласында өткен Қазақстан-Өзбекстан халықаралық форумында«Манзара» туризм компаниясымен чартерлік автобус сапарларын ұйымдастыру туралы келісімге келіп, яғни кездесу қорытындысы бойынша келісімге қол қойылды.
Стамбул қаласында туризм басқармасы шоу өткізіп, Улуси Бей мен Флай Арыстан әуе компаниясы, туризм басқармасы мен Түркістан әуежайы арасында келісім түзілді. Сол түзілген келісім бойынша келесі жылы Түркістан қаласына Түркиядан 20 мың турист тартылмақ. Түркиядағы Түркістан қаласының туристік әлеуетін маркетингтік сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жақында белгілі тележүргізуші Пелин Чифт туризм басқармасының шақыруымен Түркияның ТРТ рейтингтік арнасының тікелей эфирінде «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» прайм таймында бір сағаттық бағдарлама көрсетіп, Анкарадағы туристік әлеует туралы “Түркістан мұрасы” кітабын шығарды.
Түркістан Орталық Азиядағы ең ірі туристік өңір бола алады. Болашақта ол түркі елдерін біртұтас тарихи-мәдени тұрғыда біріктіруге сеп болып, еліміздің озық туристік өңіріне айналуға тиіс.
Осы орайда бірыңғай үйлестіруші серіктес ретінде «Оpen Turkistan» ЖШС құру бойынша жұмыс та пысықталды. Бұл компания халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету, мониторинг, деректерді зерттеу және талдау бойынша іс-шараларды сүйемелдейді.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында туристік инфрақұрылымның сапасын жақсарту бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұл автобустар үшін арнайы тұрақтар орнатылып, қалалық бағдар
жүйесін енгізу бойынша Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бару стандарттары енгізілмек. Шымбұлақ тау курорты мен Керуен Сарай кешені және Түркістан туризм орталығы туристік ақпараттық орталығы арасындағы бірлескен жарнама бойынша үшжақты келісімге қол қойды.
Осы тұста шешімін күткен мәселелерді де айта кетейік. Туристер тарапынан банкоматтар мен айырбастау пункттерін ұлғайтуды айтып, ұсыныс жасап жатқандар көп. Осыған байланысты қала әкімдігі мен кәсіпкерлік басқармасына банкоматтарды орнату мәселесін пысықтау тапсырылды.
Жалпы, турбизнес жұмысы мен өзара іс-қимыл жүргізу – заман талабы. Бірақ, туризмді дамытамыз екен деп басқа мәселелерді назардан тыс қалдыруға болмайды. Әсіресе, біздің ұлттық нақыштарымыз бен жергілікті халықтың көңілінен шығатын іс-шараларға ұдайы көңіл бөлу керек. Сырттан келген қонақтар Қазақстанның қандай мемлекет екенін біліп, оның жергілікті халқы неткен патриот екенін сезінуі тиіс. Ол үшін ұлттық нақыштарымызды насихаттаудан, салт-дәстүрлерімізді дәріптеуден еш аянбайық. Сонда ғана біздің еліміз жайлы сырттан келген саяхатшылар мен қонақтарға жақсы көзқарас қалыптасады.
Ұ.ӨСКЕН.