ТҮРКІСТАН: «ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ» МЕН «TURAN» ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ БАЛАЛАРҒА ШАТТЫҚ СЫЙЛАДЫ

Түркістандағы «Оқушылар сарайында» Арыстағы Төлеген Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері Жаңа жыл мерекесін тойлады. Ондағы 60-қа жуық баланы алдымен көңілді бишілер мен ертегі кейіпкерлері күтіп алды. Олармен бірге би билеп, Жаңа жылдық кештің басты кейіпкерлері Сиыр мен барысты, Аяз Ата мен Ақшақарды қарсы алып, қызықты ойындар ойнады.
Одан кейін кәсіби актерлер сомдайтын «Жаңа жылдық жалын құс» театрлық қойылымын тамашалады. Әсерлі қойылымнан шыққан балаларға дәмді тағамдар ұсынылып, жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді. Ата-ана қамқорлығынсыз өсіп келе жатқан балалар іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын аңғартты.
Аталған іс-шараның өтуіне демеушілік жасаған «Turan» футбол клубының директоры Айбек Тілеужанның айтуынша, әр бала мерекелік көңіл-күйді сезініп, қуанышқа бөленуі керек. Ал балалардың қуануына әрбіріміз себепкер бола аламыз.
Өздеріне арналған ілтипатты сезінген балалардың да көңіл-күйі көтеріңкі болды. Олар өнерлерін көрсетіп, кештің шырайын кіргізді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.