Шымкент: Полицейлер Жаңа жыл қарсаңында №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантты

Жыл сайын дәстүр бойынша Шымкент қаласы Полиция департаменті №4 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне нағыз қысқы ертегінің сиқырын ұсынады.
Тәртіп сақшылары балаларға арналған мерекелік іс-шарада келе жатқан Жаңа жылдарымен құттықтап, ойыншықтар мен тәттілерден құралған тарту-таралғыларын апарып, балақайлардың езуіне күлкі ұялатты.
Ал балалар өз кезегінде келген қонақтарға өнерлерін көрсетті. Бірі ән айтса, келесісі би билеп, ал енді бірі тақпақтарын тарту етті.
Іс-шара соңында Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Алмас Әмзеев №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешілерін тағы да құттықтап: — «Департамент атынан біз сіздерге бар жақсылықты тілейміз. Жаңа жыл сіздерге жақсылығын алып келсін. Барлық армандарыңыз орындалсын. Ең бастысы дендеріңіз сау болып, ауырмаңыздар! Жақсы оқып, спортпен айналысыңыздар, оқытушыларыңызды тыңдап жүріңіздер. Қашанда қолдау, көмек көрсетуге дайынбыз»,-деді.
Балалар үйінің басшысы, педагогтар және балалар тәртіп сақшыларының құттықтаулары мен жаңа жылдық сыйлықтары үшін алғыстарын білдірді.
Осылайша полицейлер жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында балаларды қуантуға асығады. Естеріңізге сала кетейік, аталған балалар үйінің тәрбиеленушілері 2019 жылдың басынан бері Шымкент қаласы Полиция департаменті қызметкерлерінің қамқорлығында. Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетовтың бастамасымен полицейлер балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, қамқорлық танытуда. Биыл 9 сыныпты бітірген №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері С.Фролов пен Т.Селезнев С.Рахимов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебіне оқуға түсті. Ал жас түлек А.Речинский Полиция департаментінің қолдауымен Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясына оқуға түскен болатын.
Сондай-ақ, осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері балалар үшін көптеген ойын-сауық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Балалар үйінде бірнеше спорт түрлері бойынша үйірмелер ашылып, нәтижесінде тәрбиеленушілер республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.