ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕ 100 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округі, Бестоғай ауылында 100 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған елді мекенге арнайы барып, білім ұясын қадағалаудан өткізді.
Облыстық бюджет есебінен жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын «Barat & Co» ЖШС атқарған. Құрылыс 2020 жылы басталған. Қазіргі таңда сыртқы абаттандыру, қоршау жұмыстары аяқталып, терезесі орнатылған. Сыртқы және инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары атқарылып, сыртқы жылу қазандығы және трансформатор орнату жұмыстары аяқталған. Сыртқы қасбеті орнатылып, іші әрленген. Мектеп оқушыларды қабылдауға дайын.
Білім алуға барлық жағдай жасалған заманауи білім ұясын аралап көрген өңір басшысы мектептің жан-жағын абаттандыру жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге биыл өңірде 78 мектептің құрылысы қолға алынып, отыздан астамы ел игілігіне берілгеніне тоқталып, шалғайдағы елді мекендерді сапалы мектептермен қамту жұмысы жалғасатынын жеткізді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкіміне Бәйдібек ауданында атқарылып жатқан жұмыстар, жобалар туралы мәлімет берілді.